Қазіргі кезде қатерлі ісік ауруы жүрек-тамыр патологиясынан кейін екінші орында тұр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында айтылды.
Онкологиялық ауруларды емдеуге жыл сайын 36 миллиард теңге бөлінеді. Сондай-ақ, шамамен 4 миллиард теңге халықтың тегін скринингтен өтуіне бөлінеді.
«Қазіргі уақытты Ұлттық онкологиялық зерттеу орталығында рак дертінің пайда болу ерекшелігіне байланысты үш бағытта зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Зерттеу жұмыстары нәтижесінде сүт безі рагы жылдан-жылға жасарып келе жатқаны анықталды. Қазіргі уақытта 35 жас пен 45 жасқа дейін осы дертке шалдығушылар қатары көбейіп келеді. Бұл зерттеу сүт безі рагы тұрмысқа асықпай шығып, жасы тым ұлғайған кезде балалы болу салдарынан пайда болады деген тұжырымды жоққа шығарды. Қазақстанда әйелдер ерте тұрмысқа шығып, дүниеге бірнеше бала әкеледі. Олай болса олардың арасында не себепті сүт безі рагы көбейіп келеді? Зерттеу жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастырып, сүт безі рагының пайда болуына не әкеп соғатынын анықтаймыз», - дейді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Диляра Қайдарова.
Сондай-ақ, бас онколог әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, зиянды әдеттерден аулақ болу керектігін айтты.
«Темекі шегу - өкпе рагының туындауына себеп болады. Кальян тартатын жастарға айтарым - ол темекі шегуден 30 есе зиян», - дейді ол.
Дереккөз: Baq.kz