$ 483.23  534.74  5.12

Қазақтың «Алтын адамы» Польша тұрғындарына көрсетілді

2018 жылғы 10 қазан күні Польша Республикасының Гданьск музейі Қазақстан Республикасы Ұлттық музейімен бірлесіп, халықаралық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» атты жоба аясында «Ұлы дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары» көрмесін ашты.

Көрменің ашылу салтанатына Польша Республикасындағы Қазақстан Елшісі Марғұлан Баймұханов, Гданьск қаласынаң вице-мэрі Петр Войчук, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаменті директорының орынбасары Мақсат Арғынбеков, К.Ақышев атындағы институт директоры Марал Хабдулина және Ұлттық музей мамандары қатысты. Шара барысында арнайы баспасөз конференциясы ұйымдастырылып, «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасы туралы жан-жақты ақпарат берілді.

«Қос мемлекеттің Тәуелсіздік жолындағы тартысқа толы тағдыры бір-біріне ұқсайды. Сондықтан да болар, халықтарының түсінігі ортақ, ниеті бір. Қазақстан-Польша арасындағы бүгінгі достық қарым-қатынас екі елдің өзара сыйластығының көрінісі болса керек. Бұл көрме Польша Тәуелсіздігінің 100 жылдығы мен Астана қаласының 20 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Польша Еуроодақ кеңістігіндегі «Алтын адам» әкелінген алғашқы мемлекет екенін атап өткен жөн», - деді Марғұлан Бақытұлы Баймұхан.

Өткен ширек ғасыр ішінде елдеріміз арасында қалыптасқан қарым-қатынас серпіні тараптардың Қазақстан-Польша ынтымақтастығын дәйекті түрде дамытуға ұмтылысын көрсетеді.

«Бұл шараның негізгі мақсаты – көрермендерді Еуразия белдеуіндегі ұлы дала мәдени мұраларымен таныстыру. Көрменің басты экспонаты – «Алтын адам» және «Сармат жауынгері», - деді Мақсат Арғынбеков өз сөзінде.

«Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасының негізгі мақсаты – шетелдік көрермендерді ерте темір дәуіріндегі Еуразия Ұлы Дала белдеуінің мәдени мұрасымен таныстыру.

Көрмеде ҚР Ұлттық музейі қорынан б.з. дейінгі VII-ІІІ ғасырларға жататыналтын бұйымдар коллекциясы мен Есік қорғанынан табылған сақ жауынгері толық киіммен таныстырылды.

«Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасының маршрутына ТМД, Азия, Еуропа және Америка елдері кіреді. Жүзеге асыру мерзімі: 2018-2021 жылдар. Сонымен қатар 2018 жылы «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» Халықаралық көрме жобасы Корея Ұлттық музейінде (Сеул қ. Корея) өткізіледі. 2019 жылы аталмыш көрмені Жапония, Грузия, Ұлыбритания, Испания және Түркия мемлекеттерінің музейлерінде өткізу жоспарланып отыр.

«Ұлы дала мұрасы: зергерлік өнер жауһарлары» көрмесі 2018 жылдың 10 желтоқсанына дейін жалғасады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары