16.10.2018, 05:35

Бақытжан Сағынтаев қаражатты игермеген әкімдіктерге тағы ескерту жасады

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев қаражатты игере алмай жатқан әкімдіктерге кезекті рет ескерту жасады деп жазады ҚазАқпарат.

«Тоғыз айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,1 пайызды құрап отыр. Сегіз айдың қорытындысымен салыстырғанда өте үлкен өзгеріс бар. Бұл, жұмысты алға қарай жылжыту бойынша барлығымыздың бірлесе атқарған іс-әрекеттеріміздің нәтижесі деп білемін. Дегенмен, әлі де резервтеріміз бар. Оны баршамыз көріп-біліп отырмыз. Қазір Жобалау кеңсесі бойынша есептер жүріп жатыр. Сол есептердің негізінде Елбасының қойған тапсырмасын толыққанды орындауға мүмкіндіктеріңіз бар», - деді Үкімет басшысы.

Бақытжан Сағынтаев қалған күш-жігерді соған салу керектігін ескерті.

«Қалған 51 күн - екі айдың ішінде Елбасының тапсырмасын толық орындауымыз қажет. Дегенмен, өңдеу өнеркәсібіне, киім өндіру, тері өндірісі, металл, тігін, минералдық өндіріс, фармацевтика саласында көптеген мүмкіндіктеріміз бар. Жылдың соңына дейін қажетті жұмыстарды атқаруымыз қажет», - деді Үкімет басшысы.

ҚР Премьер-Министрі сөз соңында бөлінген қаржыны игеру мәселесі әлі де барын тілге тиек етті.

«Қазір біз бюджетті қайта қарау мәселесін пысықтап жатырмыз. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша игерілмеген қаржының барлығы алынатыны туралы өздеріңізге ескертілген болатын. Осы ұсыныстар Қаржы министрі тарапынан берілген. Бюджеттің өзгерістері қаралды. Ертең Парламентте ол туралы баяндалатын болады. Яғни, 9 айдың нәтижесі бойынша қай әкімдік қаржыны игермеді - сол қаражаттардың бәрі алынады. Алынған қаржы басқа әкімдіктер тарапынан жасалған ұсыныстарға беріледі. Кім игеріп жатыр - соған беріледі. Кім игермеді - олардың бәрінен алынады. Жылдың соңына дейін әлі үш ай бар. Әр айдың қорытындысы бойынша игерілмеген қаржы осылай алынып отырады. Әлихан Асханұлы (Қаржы министрі - авт.), кімдер игермей жатыр - ол мәселені Парламентке бармай-ақ өзіміз шешетіндей мүмкіндік болады», - деді Үкімет басшысы.

Айта кетейік, Б.Сағынтаев осы жылдың маусым айында бөлінген қаражатты игере алмай жатқан министрлерліктер мен әкімдіктерге ескерту жасаған еді.

Бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші бойынша үздік нәтижеге қол жеткізген өңірлерді атаған болатын.