Қызылордада танысының басын темірмен ұрып, оны ауыр жарақаттаған жігіттің 3 жылға бас бостандығы шектелді деп жазады ҚазАқпарат.
Бұл қылмыстық іс Қызылорда қаласының №2 сотында қаралды. Сотталушының үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды.
Оқиға барысы былай өрбіген. Сот алдына келген Б үй ауласында таныстарымен сыра ішіп отырады. Бір сәтте ол танысының бірін сыра алып келуге дүкенге жұмсаған. Танысы одан бас тартады. Екеуара ерегіс болады. Танысы сотталушы Б-ның бетінен шапалақпен салып қалады. Сол сәтте ол қолына темір алып жәбірленушінің басынан ұрады. Осылайша танысының денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіреді.
Сотталушы өз кінәсін мойындады. Қызылорда қалалық №2 соты оны ҚР ҚК-нің 106-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Оған пробациялық бақылау белгіленді.