17.10.2018, 09:07

Шымкентте жүкті келіншекті үш айы бойы жезөкше болуға мәжбүрлеген

Жас бойжеткен жігітпен ғаламтор арқылы танысып, жігіт оны кездесуге шақырады. Қыз облыстағы аудандардың бірінде тұрады екен. Құрбысын алып Шымкентке келеді. Кафеде тамақтанып болып, қайтпақ болғанда қасына досын ерткен әлгі жігіт «Пәтерімізге кіріп ақша алып шығайықшы. Сендер далада тұрып қайтесіңдер, қорқып қаласыңдар, тас қараңғы. Бірге жүріңдер» деп алдап алып кіреді де, екі қызды пәтерге қамап қояды.

Ең сорақысы, әлгі қыздың құрбысы отбасылы, тіпті аяғы ауыр болған екен. Мерзімі екі айлық. Күйеуімен ренжісіп, төркініне кеткен кезде кішкене көңіл көтеріп келейін деп құрбысының өтінішіне қарсылық таныта алмапты. Жігіттерге өзінің жағдайын түсіндірсе, олар сенбеген. Сонымен үш айдай жезөкшелікпен айналысуға мәжбүр болады. Әлгі жігіттер оларды қарумен қорқытып, күштеп ұстап отырыпты.

Екі қыз қызмет көрсеткен клиенттері арқылы «Сана сезім» орталығындағыларға хат жазып жіберіп, көмек сұрайды. Орталықтағылар полицейлердің көмегімен мәжбүрлі түрде жезөкше атанғандарды алып шығады. Тек өкініштісі, жүкті әйел баласын аман алып қала алмапты.

Дереккөз: Alashainasy.kz