$ 494.87  520.65  4.91

Шымкентте автоұры пышақтап кеткен полицей оқиғаның мән-жайын айтып берді

Қазір жағдайы тұрақты болғанымен, әлі де ауырлау. Ал күдіктілер бұрын да сотталып, түрмеден рақымшылықпен шыққандар екен. Айта кетсек, кеше автокөлік тіміскілеп жүрген жігіттерді құрықтау кезінде екі полицей жарақат алған еді. Әйтсе де, күдіктілер құтылып кете алмаған деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Оқиға тапа-тал түсте қала орталығындағы мына автотұрақта болған. Ішкі істер департаментінің тапсырмасымен кетіп бара жатқан қос полицей автокөліктерді тіміскілеп жүрген екеуді байқап қалады. Тәртіп сақшылары күдіктілерге жақындап, құжат сұрағанда әлгі екеудің тарапынан қарсылыққа тап болыпты.

25 пен 30 жас аралығындағы екі күдікті тәртіп сақышылары құжаттарын көрсеткенін де көзге ілмеген. Өздерін таныстырудан бас тартып, көлікке жүр дегенде екеуі екі жаққа қаша жөнелген. Учаскелік инспектор Нұрқанат Керімбеков қашқынның біреуін жерге құлатам дегенше күдікті капитанды мысықша тырнап тастапты. Оны аяқ-қолын байлап әріптесіне көмекке барған.

«Күдіктінің біреуі Қонаев гүлзарына қарай қаша жөнелді. Мен екіншісімен алысып, оны ұстап қалдым. Алысып, қолын байлап автокөлікке самбо әдісін қолданып автокөлігіме отырғызып, Омаровтың ұстап отырған жеріне бардым. Омаров Нұржанның үстінен қан ағып жатты», - дейді учаскелік инспектор Нұрқанат Керімбеков.

Ал, екінші күдіктіні қуып кеткен Нұржан Омаровтың әрекеті көшедегі бейнебақылау камерасына түсіп қалыпты. Қашып бара жатқан жігітті қуып жеткенімен қоймай, бірнеше жерінен пышақ сұғып жатса да қашқынды тырп еткізбей ұстаған аға лейтенантты әріптестері батырға балап отыр. Осыдан кейін көп қан жоғалтып, бір жарым сағат отадан өткен тәртіп сақшысының өзі бүгін бізге сұхбат берді.

«Қуалап жетіп желкесінен ұстадым. Алысқандай болды. Пышағын көрмедім. Ол қолымның әлі кетіп қалды. Қарасам қолым қанап жатыр екен. Бір теуіп едім құлады. Қолынан пышақ түсті. Дәрігерлер 3 баланың әкесінің жағдайын қазір бір қалыпты да ауыр деп отыр. Жұмысқа шыққан соң марапатталмақ. Оны бүгін артынан келген басшылары айтты. Ал күдіктілердің екеуі де бұрын сотты болған екен», - учаскелік полицейдің көмекшісі Нұржан Омаров.

«Бұрынғы ОҚО, Кентау қаласының азаматы. 1992-ші жылғы. Бұрын осындай ұсақ-түйек ұрлықтар жасаған. Ұялы телефон ұрлап абақтыға қамалған. Сонымен амнистияға түсіп, шыққанына көп болмапты», - Әл Фараби АПБ жергілікті полиция қызметінің бастығы Ерғали Кенжебаев.

Яғни пышақ сұққан азамат рахымшылық заңына ілініп, жазасын шартты түрде орындап жүрген. Тек бостандықта шартты түрде жүрген адамның шалғайдағы Кентаудан қалайша Шымкентке келіп қылмыс жасап жүргені түсініксіз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары