Астанада белгілі әуе компаниясына қатысты тағы да шу шықты. Бұл жолы жолаушылар «Qazaq Air» компаниясына шүйлігіп отыр. Астанадан Ақтөбеге қатынамақ болған олар 18 сағат бойы әуежайда жүргендіктерін айтты деп жазады NUR.KZ.
Астанадан Ақтөбеге жолаушылар кеше түнгі сағат 22:20-да ұшулары керек болған екен. Алайда компания өкілдері «рейс таңғы сағат 4:50-ге ауысты» деп, ұшақ сол күйі жөнетлімеген көрінеді.
«Компания өкілдері тіпті, ұшақтың не себепті ұшпай жатқандығын да жөнді түсіндіре алмай отыр. Бір өкілін қойып қойған, ол мардымды жауап бермеді. Тек ұшақтың әуеге ұшу уақытын кейінге шегерумен келеді. Бізді қойшы, жолаушылар арасында тіпті, әкесі қайтқан жас қызға дейін жүр. Ол бойжеткен енді әкесінің жерлеу рәсіміне де үлгере алмай тұр», – деді жолаушылар қатарында жүрген белгілі журналист Мейрамбек Таубалдинов.
Сонымен бірге, ол жолаушылар қатарында белгілі журналист Қымбат Досжанның да жүргенін айтты. «Ол кісіге де жөнді жауап бермеді. Қаншама сырқат адамдар, кішкене балалар жүр. Біреуі тойға, бірі жабдыққа бара жатыр», – деді ол.
Әуе компаниясы ұшағының уақтылы жөнелтілмегені туралы видеоны танымал журналист Қымбат Досжан да өз парақшасында жүктеп қойған.
Айта кетерлігі, компанияның желідегі ресми парақшасы журналистің жазбасына қатысты пікір білдірген. Онда олар:
«Қайырлы таң. Кешірім өтінеміз. Ұшақтың кезектен тыс теxникалық тексерістен өту салдарынан рейс уақыты кейінге шегертілді. Түсіністікпен қарайсыз деген сенімдеміз», – деп жазған.
Әзірге компания «ұшақ бүгін кешкі сағат 19:00-де ұшады» деп сендіріп отырған көрінеді. Алайда жолаушылар оған сенетін емес.
«Көпшіліктің айтуынша, бұл компанияда мұндай жағдайлар жиі орын алып тұрады екен. Үлкен кісілер мен шиеттей балаларға тіптен, обал, кешеден бері 18 сағат бойы әуежайда сандалып жүр. Күтіңіздер дейді, бірақ, бүгін ұшатынымызға сеніп тұрғанымыз шамалы», – дейді журналист.