Жезқазған қалалық «Нұр Отан» партиясының ғимаратында «Нұр Отан» партиясы «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалының ХХ есеп беру – сайлау конференциясы өтті.
Конференцияға Жезқазған, Сәтбаев қалалық мәслихат хатшылары, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, Партия филиалы Саяси кеңесінің мүшелері, партия белсенділері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, бұқаралық баспасөз құралдарының өкілдері және 100 бастауыш партия ұйымынан 150 делегат сайланды.
Конференцияның күн тәртібінде «Нұр Отан» партиясы «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалының Саяси кеңесі Бюросының 2017 – 2018 жылдардағы жұмысының есебі:
«Нұр Отан» партиясы «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалының Саяси кеңесінің құрамын сайлау. «Нұр Отан» партиясы «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалынан партияның облыстық филиалының есеп беру – сайлау конференциясына делегаттар сайлау және басқа да өзекті мәселелер қаралды.
Конференцияны «Нұр Отан» партиясы «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Қабденұлы Шыңғысов ашып, жүргізіп отырды. Конференцияның күн тәртібі бойынша филиал төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Шыңғысов баяндама жасады. Конференция Елбасының Жолдауының негізінде, тың бастамаларының бағытымен өрбіді. Баяндамашы ең бірінші Елбасының жаңа Жолдауына жан-жақты тоқталып, оны жүзеге асыруға жұмыла кірісуіміз керектігін айтты. Жолдауда айтылған әрбір бағыттың берері көп, тек соны тиімді пайдалануға күш салуымыз қажет деді! «Нұр Отан» партиясы ел өміріндегі оң өзгерістерде өзінің айшықты орнын алады. Партия тарихи тағылымға, қоғамдық дамудың тәжірибесіне арқа сүйейді.
Бауыржан Қабденұлы «Біз бүгін өткен екі жылда атқарған жұмыстарымызды саралап, алдағы уақытта атқарылатын межелі міндеттерді айқындап алу үшін бас қосып отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, өткен конференциядан кейінгі есептік мерзімде елімізде, оның ішінде Жезқазған қаласында және өзіміз қызмет ететін Корпорация өмірінде ауқымы зор, маңызды қоғамдық-саяси оқиғалар өтті. Біздің филиалымыз халықпен бірге түрлі деңгейдегі іс-шараларға тікелей ат салысып, өңірдің дамуына тиісті қолдауын көрсетуде. Бұл жолда қол жеткізген жетістіктеріміз де аз емес.
Сондықтан, бүгінгі есеп беру – сайлау конференциясында өткенді сараптап, алдағы мақсаттар мен міндеттерді анықтап, оларды орындау жолдары мен шараларын белгілеу қажет деп есептеймін» деді.
Бауыржан Қабденұлы бастауыш партия құрамына кеңінен тоқталып, жалпы есебін айтты. Елбасының тапсырмаларын насихаттауда, Рухани жаңғыру бағдараламасын негізге ала отырып, орындалған жұмыстардан ақпарат берді. Мәселен «Ұлы дала елім», «Кетбұқа жырау, аталық, қолбасшы» сияқты ірі жобалар ел мерейін көтергені аян. Бүгінгі күнге дейін 400-ден астам түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, оған 130 мың адам қамтылған екен. Партия тарапынан атқарылған ірі жобалар мен игі істер жіпке тізгендей жүйелі баяндалып, нақты дәлелдермен (слайд) көрсетіліп отырды. Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын, әсіресе жастарды қолдауда, қайырымдылық іс-шаралар, дәстүрлі аталып өтетін мектепті «Алтын белгіге» бітірген жас түлектерге арналған салтанатты кеш, «Ардагерді ардақтайық», жастарды отансүйгіш, еңбекке баулу мақсатында мемлекеттік «Жасыл ел» еңбек жасағы, «Жастар Отанға» бағдарламасының жеткен жетістіктері баяндалды. Солардың бірегейі 3 жыл бойы, Кеңгір су қоймасының жағалауын ала жаздай көп балалы отбасы мен әлеуметтік аз қамтылған жанұядан шыққан 90 бала тұрмыстық қоқыстардан тазартып келе жатқаны айтылды.
Төрағаның бірінші орынбасарының дерегіне сүйенсек жағалаудың 130 шақырымын тұрғындардың қалай болса солай тастаған 120 тонна тұрмыстық қоқыстардан тазартқан. Бұл шаруаны жүзеге асыру үшін 3 млн. теңге қаражат жұмсалған. Енді өзіңіз талқылай беріңіз. Мемлекеттік тағы бір ірі бағдарлама «Бақытты балалық – Бақытты отбасы» жобасы аясында 30 балаға бастанаяқ жазғы және қысқы киім-кешек пен оқуға қажетті барлық құралмен қамтылған. «Нұрлы жер», «Нұрлы жол», «Ақбұлақ», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Қол жетімді баспана - 2020», «Мықты бизнес – мықты мемлекет» сияқты бағдарламарды түсіндіру бойынша өткен кездесулер нәтижесіз емес екені айтылды. Бастауыш партияның тұрақты қабылдауында осы уақытқа дейін түрлі сұрақтар мен көмек сұраған 1064 адам болып, барлығы да қажетті көмектерін алып, қолдау тауып, ризашылықтарын білдірген.
Осыдан кейін, жарыссөзге шыққандар «Қазақмыс Корпорациясы» жанындағы «Ардагерлер кеңесінің» басқарма төрағасы Төлеген Бүкіров, Жезқазған Мыс қорыту зауытының конвертерщигі Алмат Омаров, Жезқазған Мыс байыту фабрикасының флотаторы Татьяна Чернова, «Қазақмыс Мэйнтенанс Сервис» ЖШС инженері Ахат Әміров және Батыс Жезқазған кенішінің кеншісі Дастан Тұрлыбеков өздерінің ой-пікірлерін жеткізді.
Конференцияның екінші сұрағы бойынша «Нұр Отан» партиясы «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалының Саяси кеңесіне 29 адам бір ауыздан сайланды. Ал, үшінші сұрақ бойынша «Нұр Отан» партиясы «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалынан партияның облыстық филиалының есеп беру – сайлау конференциясына 15 делегат сайланды. Жиын барысында абыройлы атқарған жұмыстары үшін филиалдың Қарағанды, Балқаш, Жезқазған, Сәтбаев өкілеттіліктерінің барлық бастауыш партия ұйымы төрағалары Келдібек Шідербаев, Анатолий Собко, Айдос Жақаев, Әсел Жанжігітова, Дәулет Үкібаев, Александр Ли, Бәтима Дүйсембаева, Анар Терлекбаева, Айткүл Елеужанова, Абзал Әбішов, Оразалы Жакупов, Сәбит Сыздықов «Нұр Отан» партиясы «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалы төрағасы Огай Эдуард Викторовичтің «Құрмет грамотасымен» және қаржылай сыйақымен марапатталды. Сондай-ақ, бір топ еңбеккерлер партияға салтанатты түрде мүшелікке қабылданып, партия билеттерін алды.
Ізтөлеу ТҮСІПОВ