Алматыда ер азамат қарызын қайтармау үшін өзін пышақтап тастаған. Бұл туралы Алматы қаласы сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Алматы қаласының Түрксіб аудандық сотында ҚР Қылмыстық кодексінің 419 бабының 2 тармағы (қылмыс туралы жалған ақпарат беру) бойынша Б. есімді тұрғынға қатысты қылмыстық іс қаралған.
Сотталушы азамат жәбірленушілерге қарызын қайтармау үшін өтірік айтқан.
«2018 жылы 29 наурыз күні сағат 12:00 шамасында Б. есімді азамат Сокольский көшесі, 69 үйде орналасқан моншада пышақпен өз басын бірнеше рет тіліп, сол жақ иығын пышақпен жарақаттаған. Осылайша, тұрғын өзінің қылмыстық ниетін жүзеге асырған. Кейін ол үйіне келіп, бірге тұратын К. есімді азаматшаға «дүкеннен қайтып келе жатқанда екі бейтаныс жігіт пышақпен жарақаттады» деп айтқан», - делінген хабарламада.
Осыдан кейін К. жедел жәрдем шақырып, Б. есімді азамат №4 қалалық клиникалық ауруханасына жеткізіліпті. Онда полиция қызметкерлері тұрғынға қылмыс туралы жалған ақпарат берілсе, оның қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескерткен.
Сот отырысында Б. өзіне тағылған айыпты толық мойындады.
Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 419 бабының 2 тармағы бойынша (қылмыс туралы жалған ақпарат беру) кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енді.
Дереккөз: BAQ.KZ