25.10.2018, 03:01

Алматыда дәмхана өртеніп, көліктер мен ғимараттарға зақым келді

Алматыда қала орталығындағы дәмхана өртенді. Жалын сол маңдағы көліктерді, әкімшілік ғимараттар мен электромобильдерді қуаттайтын бекетке зақым келтірді жазады ҚазАқпарат.

«25 қазанда сағат 04.16-да Алматы ТЖД-ның 101 нөміріне Алмалы ауданы, Жароков көшесіндегі 43-үйде орналасқан «Динара» дәмханасы жанып жатқаны туралы хабар келіп түсті. Өрт сөндірушілер оқиға орнына 7 минуттан кейін, 04.23-те жетті. Олар келген уақытта дәмхана отқа оранып жатқан», - делінген хабарламада.

Бір қабатты дәмхана және 2 көлік - Toyota RAV4 мен Nissan Primera жанып жатқан. Лаулаған жалын жақын тұстағы Nissan tino, Toyota avensis, Mitsubishi Outlander, Subaru legacy көліктерін зақымдаған.

Tesla автокөліктеріне арналған электр қуаттау стансасы мен «Алматы Байкке» тиесілі 10 велосипед, сондай-ақ 5 қабатты әкімшілік ғимараттың қасбеті және терезелері қатты ыстықтан еріп кеткен.

«Өрт 04.47-де ауыздықталып, 05.17-де толықтай сөндірілді. Жалын 280 шаршы метрді шарпыды. Ешкім зардап шекпеді. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр», - деп мәлім етті ТЖД-нің баспасөз қызметі.