25.10.2018, 09:00

Қасымов полицейлердің жаңа формасына қатысты пікір білдірді

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов қазақстандық полицейлердің формасына қатысты пікір білдірді деп жазады Tengrinews.kz.

Министр әзірше жаңа формалардың нұсқалары қарастырылып жатқанын және әлі бекітілмегенін, сондай-ақ, еш жерде таныстырылмағанын айтып өтті.

Ол жаңа форманың нұсқасы дайын болған кезде талқыға салынатынын айтады.

«Кейін көресіздер, прессадағыларға көрсетеміз, халықтың пікірін естиміз. Барлығын дайындаған соң жалпы талқыға саламыз. (...) Форманы әлі ешкімге көрсеткен жоқпыз, нұсқалары дайындалып жатыр», - деді Қасымов киімнің 98 пайызының отандық өндірушілер тігетінін айта отырып.

Осы ретте министр форманың қалай өзгеретінін қысқаша айтып өтті.

«Сізге өзіңіздің формаңыз ұнамайды. Енді формада қандай өзгерістер болады?», - деп сұрады журналистер министрден.

«Кительді өзгертеміз, әйтпесе ол қазір тым ресми», - деп жауап берді министр.

«Біз мысалы арнайы жасақ қызметкерлерінен сұрап көрдік, олар өзінің ұсынысын айтты. Патрульдік қызметтегілерден де сұрадық. Олар кейбір тұстарын өзгертуді сұрады. Айтуларынша, қазіргі форма ыңғайсыздау. Белдік таққанда, қару ұстап жүру ыңғайсыз. Осы мәселені ұзақ жылдар бойы талқылап келеміз. Канада және тағы басқа елдердің формаларын зерттедік, себебі әр елдің климаты әр түрлі», - деп түсіндірді ІІМ басшысы.

Министр қазақстандық полицейлердің формасы соңғы рет 2001 жылы ауыстырылғанын айтып өтті.

Еске сала кетейік, осыған дейін Қасымов қазақстандық полицейлердің жаңа формасы қандай болатынын айтып берген болатын. «Біздің форма көбіне кеңсе қызметкерлерінің формасы сияқты. Бізге далада жүргенде ыңғайлы болатын форма керек. Бірыңғай болуы керек, климат жағдайымыз да әр түрлі», - деген еді министр.