Қостанайда қарақшылық тонау жасады деген күдікпен ұсталған күдіктілердің бірі полиция басқармасында өз өмірімен қош айтыспақ болған деп жазады NUR.KZ.
Екі ер адам жергілікті тұрғынның үйіне қарақшылық шабуыл жасаған. Олар бөгде адамдардың үйіне баса көктеп кіріп, үй қожайынына қоқан-лоққы көрсетіп, ноутбугын ұрлап кеткен.
Жапа шеккен ер адам бірден полицияға шағымданып, көп ұзамай күдіктілер тұтқындалған.
Полиция ғимаратында қарақшылық шабуыл жасаған күдіктілердің бірі өзіне қол жұмсамақ болған. Ол кеңсе пышағын алып, өзін кескілей бастаған.
Абырой болғанда күдіктінің ойлағанынан ештеңе шықпай, ол аман қалған. Себебі полиция қызметкерлері оны дер кезінде тоқтатып үлгерген. Оған сол жерде медициналық көмек көрсетілді.
Күдіктінің өзіне қол жұмсамақ болуының себебі - қарақшылық шабуыл үшін жауапкершіліктен құтылу екен.
Қазіргі кезде екі күдікті де тұтқындалған. Олар тергеу изоляторында отыр.