$ 514.65  544.6  5.17

Ақтөбеліктер енді пәтер құнының 10 пайызын төлеп, баспаналы бола алады

Ақтөбеде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша алғашқы жарна төмендетілді. Бүгін облыс әкімі мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі келісімге қол қойды деп жазады ҚазАқпарат.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында халықты баспанамен қамтамасыз ету үшін барлық жағдайды жасауды тапсырды. Ақтөбе облысы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында пәтер құнына қажетті алғашқы жарнаны 10 пайызға төмендетті. Бүгін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқармасының төрайымы Ләззат Ибрагимова келісімге қол қойды. Алдағы уақытта пәтер кезегінде тұрған адамдарға сертификат беріледі.

«Президенттің халықты баспанамен қамтамасыз ету туралы тапсырмасына орай Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен бірге үлкен жұмыс қолға алынды. Банктің ақтөбелік филиалында 90 мың адамның депозиті бар, олардың ішінде 20 мың адам жергілікті атқарушы органдарда баспана кезегінде тұр. Бүгін біз бірден екі меморандумға қол қойып, өзара қарым-қатынасты кеңейтеміз»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тұрғын үй сертификатын беру үшін облыс әкімдігі бірінші кезеңде 250 миллион теңге бөлді. Бұл қаржы банктің 500-ден аса салымшысының алғашқы жарнасын төмендетуге мүмкіндік береді. Әрі «Нұр Ақтөбе» ықшам ауданында 1 бөлмелі 500 пәтер дайын тұр. Пәтердің бір шаршы метрі - 100 -120 мың теңге. Баспананың жалпы аумағы 32-54 шаршы метр болса, салымшы баспана құнының тек 10 пайызын төлейді. Ал өзгесі бюджеттен бөлінеді. Қарыз алушы 5 жыл ішінде ай сайын орта есеппен 8 250 теңге төлеп, бюджет қаржысын қайтарады. Пәтер құнының қалған бөлігін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жылдық мөлшерлемесі 5 пайыздық жеңілдетілген несиемен ұсынады.

«Ақтөбе облысы Елбасы Жолдауы аясында тұрғын үй сертификаты туралы меморандумға елімізде бірінші болып қол қойды. Енді жалақысы 60 мың теңге болатын адамдар да баспаналы бола алады. Ақтөбе облысы - белсенді өңірлердің бірі және несиелік баспананы сатып алуда да республика бойынша көш басында тұр», - деді Ләззат Ибрагимова.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары