07.09.2015, 04:40

Айдын Айымбетов ғарыштан қоңырау шалды

inform.kz

45 экспедицияның құрамында Халықаралық ғарыш стансасына  келген қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов ХҒС бортынан Қазкосмос басшысы Талғат Мұсабаевқа қоңырау шалды.

 Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Инвестициялар және  даму министрлігі Аэрокосмос комитетінен хабарлады.

 «Мен осы уақытта  жұмыс кабинетіндемін. Бірнеше сағат бұрын тікелей эфирден  ХҒС штаттық түйісуін көрдім, экипаждың стансаға ауысуы туралы ақпаратты күттім. Тап сол сәтте қоңырау шылдырады. Тыңдасам, Айдынның даусы. Қатты қуандым, әрине, бұл ойда жоқ күтпеген оқиға болды.

Есімде, ХҒС-тан Юрий Лончаковтың алғашқы қоңырау шалғаны. Сонда мен шынында да қатты таң қалғанмын!», -дейді Т. Мұсабаев.

Айдын Айымбетов, Қазкосмостың бірінші ғарышкері статусын алған ғарышкер Қазақстанның ғарыштық ведомоствосының басшысына «ғарыш үйіне» аман-есен жеткендігін баяндады. «Өзімді сергек сезінемін, ғарыштық бағдарламаны орындауға кірісемін»,-деді Айдын.

Талғат Мұсабаев ғарышкерлермен Ұлттық ғарышты зерттеулер мен технологиялар орталығының (ҰҒЗТО)  президенті Жұмабек Жантаев бастаған мамандар тұрақты түрде  байланыста болатындығын атап өтті.

Сондай-ақ, Талғат Мұсабаев телефон арқылы ХҒС командирі, ресейлік ғарышкер Геннадий Падалкамен сөйлесті.

«Менің 1998 жылы екінші рет ғарышқа  сапарымда Геннадий алғаш рет ұшқан болатын. Оған ХҒС командирі ретінде жетекшілік еткен едім», деп еске алады Т. Мұсабаев. 

Бұрын хабарланғандай, Андреас Могенсен мен Айдын Айымбетовтің ғарыш  экспедициясы 8 тәулікке созылады.  12 қыркүйекте олар Жерге оралады деп жоспарланып отыр. Олармен бірге осы күні Жерге ғарышта 160 тәуліктен астам болған Геннадий Падалка оралады.