15.11.2018, 04:29

Қостанай тұрғыны 110 жасқа толуын тойлады

Нағима әжені туған күнімен Қостанай әкімшілігі құттықтап келді. 110 жастағы әже 7 бала тәрбиелеп өсірген деп жазады alau.kz.

Нағима Жақыпқызы көпбалалы ана ретінде 2-дәрежелі медаль иегері. Әже 10 қарашада 1908 жылы Меңдіқара ауданындағы Қаратал ауданында дүниеге келген. Сиыр сауушы болып жұмыс істеген.

Ұлы Отан соғысы жылдары күйеуі соғысқа аттанғаннан бастап егістікте, астық жинау науқанында жұмыс істейді. Еңбек еткені үшін бірнеше алғыс грамоталарын алған.

«Анам әңгіме жақсы айтады. Жас кезінде өлең жазып, ән шығарып және «Шежіре» жазған. Осыдан он жыл бұрын Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінің бұрынғы музыка пәні мұғалімі, әрі жерлесі Қажығали Омаров «Елге сәлем!» өлеңіне ән шығарған», – дейді қызы Зәуре.

Нағима Жақыпқызының 20 немере, 30 шөбере және 4 шөпшегі бар.