Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков елде радикалдық діни ағымдарға балама ретінде «ата-бабадан қалған дәстүрлі ислам құндылықтарын» насихаттау керегін мәлімдеді. Оның сөзінше, сүнниттік ханафи мазхабын «бейбітшілік, төзімділік, ізгілік пен өнегеліліктің діні» ретінде қолдаса, Қырғызстан халқының бірлігі нығая түседі деп жазады Азаттық.
«Бізде дін саласы толық еркін деп жарияланған. Осы еркіндіктің арқасында бізде түпкі мақсаты көпшілікке белгісіз түрлі діни ағымдар, секталар, мазхабтар мен тариқаттар қаптады» деді Бішкекте «Заманауи мемлекеттегі ислам» деп аталатын ІІ халықаралық конференцияда сөйлеген Жээнбеков.
Президент сонымен бірге Қырғызстанда мемлекет дінге бейтарап ұстанымда екенін, ешқандай дінге басымдық бермейтінін және азаматтарға ешқандай діни идеологияны таңбайтынын айтты.
«Әр адам дінге қалай қараймын десе де өзі біледі. Ешкімнің өз дүниетанымын басқаларға таңуға хақы жоқ. Мемлекет те таңбауы тиіс. Бұдан өзге, мемлекет дін саласында әр адамның дін ұстану еркіндігін қорғауы тиіс» деді Қырғызстан президенті.
Қырғызстан билігінің дерегінше, соңғы жылдары 500-ге тарта қырғыз азаматы Сирия мен Ирактағы «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы мен басқа да террорлық топтарға қосылған.