Шымкентте газдан уланған 16 жастағы жасөспірім көз жұмды. Қайғылы жағдай бүгін түнде қаладағы мөлтекаудандардың біріндегі көпқабатты үйде болған деп жазады ҚазАқпарат.
Облыстық газ таратушы мекеменің хабарлауынша, бүгін түнгі сағат 02:49-да кезекші бөлімге пәтерлердің бірінен жасөспірімнің иістен уланып қалғаны жөнінде хабарлама келіп түскен.
Оқиға орнына түнгі сағат 3:22-де жеткен авариялық бригада қызметкерлері пәтердің лоджиясынан 2003 жылғы өлі жасөспірімді тапқан.
Үйді қарау барысында су жылытқыш пешінің қосулы тұрғаны және одан газдің иісі шығып тұрғаны белгілі болды.
Мамандар сондай-ақ пәтердің лоджиясына су жылыту пешінің талаптарға сай емес етіп қойылғанын анықтады. Қазіргі таңда қайғылы жағдайдың себеп салдары анықталып жатыр.