Алматы іргесіндегі «Думанның» ықшамауданының қазақтары Заманбек Нұрқаділовтей нар тұлғаға мектептің атын беруді сұрайды деп жазады Qamshy.kz.
Алматы іргесіндегі Медеу ауданына қарасты «Думан» ықшамауданының қазығы 1991 жылы қағылған. Мектебі, емханасы, балабақшасы, мешіті, т.б. көпшілікке қызмет ететін орындары бар. Бүгінде 25 мыңға жуық халық тұрады қағаз жүзінде, ал шынтуайтына келгенде 45 мыңға жетіп, артылады. Өйткені, өз жерінде тек қазақтарға ғана жалдамалы пəтерде тұру нəсіп етілген. Жан-жақтан келген балалы-шағалы отбасылар, ауылдан жұмыс таппай қалаға ағылған аға-əпкелеріміз бен бойдақтар – осы жалдамалы пəтерлердің тұрғындары. Қайсыбірі жетісіп келді дейсің қалаға, сол қу тіршіліктің қамы. Оның үстіне қаланың кейбір аудандарында шарықтап тұрған пəтерақысы «Думанда» арзан, бір бөлмелі пəтерді кем дегенде 15 мыңға табуға болады. Ақша табудың сара жолын білетіндер аулаларына кемінде үш-төрт ауызды пəтерлер салып тастаған. Күнкөріс осы...
Осыдан бірнеше жыл бұрын жерсіз, үйсіз жүрген «тұрғылықты квартиранттар» тура бірінші мамыр күні Талғар күре жолындағы бос жатқан жерлерді тайлы-тұяғы қалмай, бала-шағасымен басып алды. Ашынған жұрт өздері қалаған жерлерге қазық қағып, жатып алды. Қара жерге зар болған қайран қазақ сол күні бір ғайыптан тайып ұлтарақтай жерге қарық болып қалған еді-ау. Отбасыма қайтсем де баспана салып берем деген қарулы жігіттер күректерін арқалай да барған. Қуаныш жасы тез құрғады, өйткені ол жерлердің иесі қазақ емес, түріктер болып шықты. Билікті шулатып, бірлік мейрамының шырқын бұзған қазақтарды қамады, бала-шаға, əйеліне қарамай күш көрсетіп қуып шықты. Дəрменсіз халықты жарылқайтын тірі пенде табылмады. Қараша халық жалдамалы пəтерде тұрса да, «Думан» деген киелі жерді халқына сыйға тартқан біртуар азаматтың есімін еске алып, шүкіршілік етіп тарасқан еді, амалсыздан, шарасыздан...
Кезінде бұл жерлерге қазақтар оңай қол жеткізген жоқ, Алматы шаһарына əкім болып тұрғандағы біртуар азаматтың мəрттігі еді. «Шаңырақ», «Таугүл», «Бақай», «Думан», т.б. қаланың шетіндегі жерлерді қалың қазақтың қамына берген – қайран Заманбек Нұрқаділов еді. Ол кісінің еліне деген жанашырлық қасиетін көздері көрген қариялар «қала шетіндегі жерлерге ие бола беріңдер, өзім заңдастырып беремін» деген сөзін əлі күнге ауыздарынан тастамай айтып жүреді. Бүгінде қамқор азаматтың ұмытылмас жақсылығын бірі білсе, бірі білмейді. Неге біз «қазағым» деп еңіреген ердің атын ұмыттық!? Жоқ, ұмыту мүмкін емес, ұмытылмайды да... Болашақта ол кісінің есімі алтын əріптермен қазақ елінің, ұрпақтың жүрегінде сақталмақ.
Қазақтарға жер беру мəселесінде Заманбекпен бірге қызметтес болған жəне сол үлкен тарихи оқиғаның куəгері Сапура Жүсіпованың естелігінен: «Алматының айналасындағы шағын аудандар мен елдімекендерге қазақтардың қоныстануына бірден-бір себепкер болған адам – Нұрқаділов. Қала сыртындағы «Думан», «Шаңырақ», «Бақай», «Таугүл» аудандарын, Рысқұлов көшелерінің төменгі жағындағы, Əл-Фарабидің жоғарғы жағындағы иен жерлердің бəріне қазақтардың қоныстануы Нұрқаділовтің кезінде басталды. Бірде ол мені шақырып алып, баспанасыз жүрген қазақтарды қала сыртына қоныстандыруға жағдай жасайтын шешім дайындауды тапсырды. Біз шұғыл арада он жеті шешім дайындап, 15 мың қазаққа жер беруге негізі бар құжатты Зəкеңнің алдына қойдық. Ол менен: «Бəрі дұрыс па?» - деп сұрады. Мен: «Əрине, дұрыс!», - деймін. Зəкең: «Дұрыс екенін біліп отырмын, бəрі қазақ па дегенім ғой?..», - деп маған жымия қарады да шешімнің шекесіне «Бекітемін» деп, көксите қол қойды. Сондағы Зəкеңнің рахаттана қол қойған бейнесі əлі күнге көз алдымнан кетпейді. Осы күнге дейін Алматыны басқарған қай басшы қазаққа Нұрқаділов жасаған жақсылықтың тым құрығанда жұрнағын жасады екен?» («Дат» 10 қараша, 2010 ж.).
Сапура ханымның жазбасын оқып, еріксіз көзіме жас алдым. Қаңғып жүрген мыңдаған қазақтың жерге ие болғаны үшін қуаныштан шыққан жас болса, бір шетінен арамыздан арманда кеткен нар тұлғаның еліне берері көп еді, маңдайымызға сыймай кетті, өкініш жасы еді... Иə, ол кісідей ешкім қараша халқын жарылқай алған жоқ!
Заманбек аға өз ұлтын шексіз жақсы көрді, топырлаған жегіш тобырдан халқын арашалап алғысы келді, əттең... өмірі қысқа болды.
Бүгінде Заманбек аға сыйға тартқан Алматының шетіндегі жерлер қаланың көркін ашатын ықшамаудандарға айналды. Бір өкініштісі, ол кісінің атында бірде-бір көше, елдімекен немесе мектеп жоқ екен. Батыр тұлғаның асқақ биік ескерткіші де бой көтермепті. Ішіміз ашиды, жанымыз жабырқайды, сондай мəрт тұлғаның есімін есіркей алмай жүрміз. Міне, қайсар азаматқа көрсеткен сый-құрметіміз.
Біз «Думан» ықшамауданының халқы бір ауыздан қарашасына қамқор болған, жоғын түгендеп, барын бағалай білген, жүрегі мəңгілік қазақ деп соққан ұлтжанды, намысқой, біртуар Заманбек Нұрқаділовтің есімін осы аудандағы нөмірі 172 мектеп-гимназиясына беруді жоғарыдан өтініп сұрайды. Əрі мектептің ауласына батыр тұлғалы ағамыздың ескерткішін орнатсақ, ол кісінің халқына жасаған жақсылығының өтеуі болар еді. Бұл мектепте бүгінде екі жарым мың бала оқиды, сол болашақ ұрпақ Заманбек ағадай ұлтжанды, еліне шын жаны ашитын нағыз париоттар болып тəрбиеленсе, бақытты ел болатынымыз сөзсіз.
Салтанат Бакеева