Жаңалықтар 21.11.2018 сағат 04:00  358

Журналист Хашоггидің өлімінен соң ханзада Салман тақтан айрылуы мүмкін

Сауд Арабиясында король отбасының мүшелері ханзада Мұхаммед бен Салман Әл Сауд журналист Жамал Хашоггиді өлтіруге қатысқан деген айыптаудан соң тақ мұрагері болғанын қаламайды. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Журналист Хашоггидің өлімінен соң ханзада Салман тақтан айрылуы мүмкін
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Король отбасына жақын үш дереккөздің агенттікке хабарлауынша, «ондаған ханзада» және король отбасының басқа да мүшелері тақ мұрагерінің басқа адам болғанын қалайды, бірақ олар Сауд Арабиясының 82 жастағы королі Салман бен Абдел Әзиз әл Сауд тірі кезінде ешқандай әрекет жасамайды. Олар король «өз ұлына қарсы шыға қоймас» деп есептейді.

Дереккөздердің бірінің мәліметі бойынша, король отбасы Салман корольдің жалғыз інісі - 76 жастағы ханзада Ахмедті қолдауға дайын. АҚШ билігі де оны дұрыс көреді.

Washington Post газетінің бұған дейін өз дереккөзіне сүйеніп хабарлауынша, Орталық барлау басқармасы Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман Әл Сауд оппозицялық журналист Жамал Хашоггиді өлтіруге тапсырма беруі мүмкін екенін анықтаған.

Түркия қорғаныс министрі Хулуси Акардың мәлімдеуінше, Хашоггидің денесін бөлшектеп, дипломатиялық өкілдіктен чемодандармен шығарған. Министр консулдық қызметкерлері мұны «дипломатиялық мәртебесін пайдаланып» жүзеге асырған дейді.

Washington Post басылымының шолушысы, соңғы жылдары Эр-Риядтың саясатын сынап жүрген оппозициялық журналист Жамал Хашогги 2 қазан күні Сауд Арабиясының Стамбулдағы консулдығына құжаттарын рәсімдеуге кіріп, қайтып шықпаған.

Эр-Рияд әуелде Жамал Хашоггидің жоғалуына қатысы жоғын айтқанымен, екі аптадан соң журналистің арнайы қызметтің «рұқсат берілмеген операциясы барысында» қаза тапқанын мәлімдеген еді. Кейін Сауд Арабиясының прокуроры журналистің қасақана өлтірілгенін мойындаған.

Сауд Арабиясы билігі бұл іске қатысы бар деп 18 адамды тұтқындады және Хашоггидің туыстарына көңіл айтты. Тақ мұрагерінің жоғары шенді бес кеңесшісі қызметтерінен босатылды.

15 қарашада Сауд Арабиясының прокуроры Жамал Хашоггиді өлтіру туралы бұйрықты Стамбулға аттанған келіссөз тобының басшысы бергенін мәлімдеді. Олар Хашоггиді Сауд Арабиясына әкелмек болған.

Батыс елдері мен Түркия билігі журналисті өлтіруге тақ мұрагері ханзада Салманның қатысы болуы мүмкін деп есептейді.

​15 қарашада сауд прокуроры журналист өліміне айыпталған бес адамға өлім жазасын сұрайтынын жариялады. Сол күні АҚШ журналист өліміне қатысы болуы мүмкін Сауд Арабиясының 17 азаматына санкция енгізді. Эр-Рияд мемлекет басшылығының кісі өлтіруге қатысы бар деген айыптауларды жоққа шығарып отыр.

Дереккөз: Азаттық

Оқи отырыңыз

‡àãðóçêà...

Соңғы жаңалықтар