26.11.2018, 04:44

Қызылордада полицей қайын әпкесін өлтірген

Қызылордада әйелінің әпкесін өлтірген бұрынғы полиция қызметкеріне қатысты сот үкімі шықты деп жазады ҚазАқпарат.

Аталмыш іс Қызылорда облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында қаралған. Күдіктінің үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бап, 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Сот үкімімен бұрынғы полиция қызметкері 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары қылмыстық-атқару мекемесінде өтейтін болды.

Оқиғаның барысы жөнінде Қызылорда облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мамандары айтып берді.

«Сотталушы әйелімен сөзге келеді. Әйеліне қол жұмсайды. Күйеуінен ауыр соққы алған әйел болған жайды әпкесіне баяндап береді. Күйеу баласына мән-жайды түсіндірген марқұм одан жөнсіз қылығын тоқтатуын сұрайды. Күйеу баласының басшылығына барып, оған тиісті жаза қолдануын өтінетінін айтады. Сол сәтте масаң күйдегі қылмыскер қайын әпкесінің жүрек тұсына пышақ сұғып алады. Әйел ауруханада қайтыс болған», – деп түсіндірді олар.

Сот үкімімен ол полиция аға лейтенанты шенінен айрылды. Сондай-ақ, жәбірленуші тарапқа 2 млн теңге көлемінде моральдық шығын төлейтін болды.