Бүгін Жамбыл облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Мұхтар Әбілязовты өмір бойына бас бостандығынан айыруға үкім шығарды деп жазады «ҚазАқпарат».
Еске сала кетейік, 24 қазан күні Жамбыл облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Мұхтар Әбілязовке қатысты қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауы басталған болатын. Мұхтар Әбілязовке Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (1997 жылғы редакциясында) 28-бабының 3-бөлігінде, 96-бабының 2-бөлігінің «ж» «з» тармақшаларында (адам өлтіруді ұйымдастыру, адамды жалдаумен пара-пар, пайдакүнемдік мақсатта алдын ала сөз байласу арқылы бір топ адаммен өзге адамды қасақана өлтіру) көрсетілген қылмыстық құқықбұзушылықты жасады деген айып тағылды.
Еске сала кетейік, үстіміздегі жылдың ақпан айында Жамбыл облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған өңіраралық соты бизнесмен, бұрын ұйымдасқан қылмыстық топ басшысы болған, 2004 жылы банкир Ержан Тәтішевті өлтірді деп айыпталған Мұратхан Тоқмәдиді 10 жыл 6 айға бас бостандығынан айырған болатын. Сотта Мұратхан Тоқмади жақындары үшін алаңдағанын, оған қоқан-лоққы көрсетіліп, отбасы бұл қысымнан қорыққандығын, сондай-ақ Мұхтар Әбілязовтен Ержан Тәтiшевтi өлтiру үшiн екі траншпен 4 миллион доллар көлемiнде сыйақы алғанын мойындаған.
Жамбыл облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Кенжеғали Кенжебеков Мұхтар Әбілязовті 28-баптың 3-бөлігінде, 96-баптың 2-бөлігінің «ж, з» тармақшаларында көрсетілген қылмыстарды жасады деп танып, өмір бақи бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Ол қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша күшейтілген мекемесінде жазасын өтеуі тиіс. Бұдан тыс, сотталған Әбілязовтің үш жыл мерзімге банк ұйымдарында кәсіби қызметпен айналысуына да тыйым салынды. Әбілязовтің ісі 15 томнан тұрады. Процесс барысында жүзден астам куәгерден жауап алынды. Олар сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында айтқан сөздерін растады. Сот баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, үкім заңды күшіне енген жоқ.