Жаңалықтар 28.11.2018 сағат 10:54  422

Түркістандық «сварщик» келіншек қалай өмір сүріп жатқанын айтты

Түркістан облысында тұратын келіншек ерекше кәсіпті таңдаған. Ол отбасында үй шаруасымен айналысып қана қоймай, дәнекерлеу ісін де меңгеріп алған. Ұстазы – өзінің жолдасы. Бала күнінен темір-терсекке құмар болып өскенін айтады. 30 жастағы келіншек неліктен бұл салада кәсіби білім ала алмағанын айтып, жан сырын ақтарды деп жазады Sputniknews.kz.

Анам медбике болуымды қалады

Жетісай ауданының тұрғыны Айжан Исаева бала күнінен темір-терсекке құмар болып өскен. Өзі секілді қыздармен қуыршақ ойнауға қызыққан жоқ. Ағасының қасынан қалмай, темірлерді сұрыптап, ненің қайда пайдаланылатынын білгісі келіп тұратын. Соның арқасында болар небәрі алты жасында велосипед жөндеуді меңгеріп алыпты. Ес біле келе электр желілерін ажырата бастайды. Кейде онша-мұнша жеңіл жұмысты өзі үйдегілерге байқатпай жөндеп те жүрген.

Жоғары сынып оқып жүрген шағында Айжанның ата-анасы қыздарының бұл іспен айналысуына түбегейлі қарсы болады. «Қыз балаға тән емес» деген талай ескертпе естіп өссе де, ол жан қалауынан ажырап қалғысы келмейді. Дегенмен мектеп бітірген соң мамандық таңдарда анасының қалауымен медицина саласына құжатын тапсырады.

«Негізі мен заңгер болғым келген. Бірақ белгілі себептерге байланысты ол салаға бара алмадым. Анамның қалауымен медбикелік оқуға түстім. Білмеймін, көңілім тартпағандықтан болар, оқуды әрмен қарай жалғастыра алмадым. Жан жүрегіммен қаламаған соң ол жұмысты атқара алмайтынымды түсіндім. Кейін саудаға бет бұрдым… Қазір жоғары білімім жоқ», - деді дәнекерлеуші келіншек.

Жолдасым – ұстазым

Арада бірнеше жыл уақыт өтіп, Айжан жолдасы Алланазармен танысады. Олардың танысуының өзі құдды бір фильмдегідей. Айжанның нағашы әжесі мен Алланазардың анасы сауықтыру орталықтарының бірінде бірге ем қабылдап жүріп танысыптты. Әңгімелері бірден жарасып кеткен екі ана "Сенде ұл бар, менде қыз бар" деп екі жасты таныстыруға шешім қабылдайды. Осылайша үлкендердің себепші болуымен Айжан мен Алланазар танысып, көңіл жарастырады.

Дәнекерлеуші келіншек бала күнгі арманымды іс жүзінде қолға алуыма тұрмысқа шыққан соң барып жол ашылды дейді. Себебі жолдасы Алланазар Молдасламов он бес жылдан бері кәсіби тұрғыда дәнекерлеу ісімен айналысады. Ол кісінің де кәсіби білімі жоқ. Мамандығы – музыкант. Бірақ, ауылды жерде бұл салада екі қолға бір күрек таппаған соң дәнекерлеу ісіне бет бұрыпты.

«Жолдасым менің дәнекерлеу ісіне деген ерекше қызығушылығымды бірден байқады. Сол кісінің рұқсатымен еңбекке араласа бастадым. Әрине, ұстазым өзі. Әлі күнге дейін білмегенімді үйретіп жүр. Ірі құбырларды дәнекерлеуде әлі тәжірибем аздау. Уақыт өте оны да үйренгім келеді. Қалған жұмыстың бәрі қолымнан келеді», - деді Айжан Исаева.

Алғашында ерсі көргендер де болды

«Негізі өзіме ерлердің ісін жасаған ұнайды. Алғаш рет темір мен темірді жалғағанымда ешқандай қорқыныш болған жоқ. Қайта керісінше, бәрін білгім, үйренгім келіп тұрды» деп сөзін жалғаған келіншек дәнекерлеу ісін алғаш рет қолға ала бастағанда көпшіліктің сынынына қалғанын да жасырмады. Кейін уақыт өтіп көз үйреніп, әйтеуір қалыпты жағдай ретінде қабылдай бастапты. Ал бүгінде жұртшылық арасында «Дәнекерлеуші келіншек» деген есімі таныла бастағандықтан болар, отты жарқ-жұрқ етіп шашыратып, темірді бір-бірімен жалғап жатқан келіншекті көргендер таңғалып, қызықтап тұрады екен. Айтпақшы, Айжан жолдасының арқасында көлік жүргізіп қана қоймай, оның кейбір ақауын жөндеуді де үйреніп алыпты.

Осы ретте әңгімемізге келіншектің жолдасы Алланазар араласты.

«Шыны керек, кейде «Әйелін қасынан тастамай алып жүреді, әйеліне көлік айдатқызып қойыпты» деген сынды әңгімелерді де естиміз. Мен қасыма ертіп жүрсем, өз әйелім. Бөтеннің әйелінің қасында жүргенім жоқ. Мен Айжанға дәнекерлеу ісін үйренесің деп мәжбүрлегенім жоқ. Дәнекерлеу ісі немесе көлік жүргізу болсын үйренсе, өзінің қызуғышылығы бар. Мен неліктен оған «қой» деуім керек екен? Ондай әңгімелерге мүмкін ел көре алмағаннан қызғанып та айтатын болар деп қоямыз. Тапсырыс түссе, екеуміз бірге атқарамыз. Әрине, ауыр жұмысты өзім жасаймын. Себебі оның жаны нәзік»,-деді Алланазар Молдасламов.

Жолдасы: Кейде үйде отыра бер десем, қалғысы жоқ

«Үйде кейде үтік немесе өзге де электрлі тұрмыстық техника бұзылып қалса, өзі ашып жөндей береді. Шыны керек, ол техниканың бұзылғанын мен байқамай да қаламын (күліп). Бір адам ғана атқара алатын тапсырыс түскен кезде «Үйде отыра бер, өзім барып жасап келемін» деп айтсам, Айжан үйде қалғысы келмейді. Білгісі, үйренгісі кеп құштарлығы артып тұрады… Келіншегім тек ер азаматтың ісін емес, үй шаруасында да өте пысық. Тамақ жасағанын көрсеңіз, тіл үйіреді. Қамыр жайып, самса пісіру, салат әзірлеуде де ешкімді ілестірмейді. Көршілеріміз қандай да бір той-жиын жасаса, Айжанды көмекке шақырады» деп сөзін жалғады жетісайлық келіншектің жолдасы.

Той демекші, дәнекерлеуші ерлі-зайыптылар қыс ауасында тапсырыс болмайтындықтан әзірге үйде жұмыссыз. Жолдасы ара-тұра тойларда өнер көрсетеді. Домбырадан бастап түрлі аспаптарда ойнай біледі. Бүгінде Айжан мандолина аспабында ойнауды меңгеріп жүр. Болашақта күйеуімен бірге дуэт болып өнер көрсетуді жоспарлап отыр.

Өзімді бақытты әйел сезінемін…

«Қолынан барлық іс келетін ер азаматқа тұрмысқа шығу кез келген қыз баласының арманы деп ойлаймын. Аллаға шүкір, жолдасым білгенін үйретуден шаршаған емес. Қолымнан келген істің бәрі сол кісінін арқасы. Жұмыста да, той-думанда да, үйде де біргеміз. Қысқасы, өзімді бақытты әйелмін деп айта аламын», — деп сөзін түйді Айжан Исаева.

Сұхбат соңында жетісайлық тұрғындар дәнекерлеуші маманы еліміздің батыс өңірінде жоғары бағаланатынын және құрметке ие екенін алға тартты. Айтуларынша, онда дәнекерлеуші атқаратын жұмыстың белгілі бір тәртібі бар. Жалақасы да жоғары. Есесіне сапа да соған сай. Ал оңтүстік өңірінде бұл сала маманы арысын айтпағанның өзінде кейде жүк тасушының да жұмысын атқаруы тиіс екен.

Атырау жақта шетелдік компаниялар дәнекерлеуші мамандарға жылдың белгілі бір мезгілінде бос орындар конкурсын жариялайтын көрінеді. Егер шығып жатса, ерлі-зайыптылар сонда баруға ниетті. Ол жаққа жұмысқа тұру үшін белгілі бір сынақ тапсыру қажет. «Өзім сынаққа үйреніп қалғанмын» деген отағасы жұбайының да тест тапсыруға әзір екенін жеткізді. Енді бос жұмыс орны туралы хабарды тағатсыздана күтіп отыр.

Ерлі-зайыпты тек еліміздің батыс өңірі емес, кез келген аймаққа жұмысқа баруға дайын. Бастысы, жұмысқа қажетті жағдай мен жалақы мәселесі көңілден шықса болды деп отыр. Ал егер дәнекерлеу ісімен айналысуға қызығушылық танытатындар болса, шәкірт тәрбиелеуге де еш қарсы еместіктерін айтты.

Түркістандық «сварщик» келіншек қалай өмір сүріп жатқанын айтты
Айжан Исаева
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Оқи отырыңыз

‡àãðóçêà...

Соңғы жаңалықтар