29.11.2018, 08:54

Бауыржан Байбек шетелдік қонақтарға толықтай қазақ тілінде баяндама жасады

Алматы қаласында әкім Бауыржан Байбектің қатысумен 6-халықаралық Almaty Invest форумы өтті. Шарадағы баяндамасын шаһар басшысы бастан-аяқ қазақ тілінде жасады.

Бауыржан Байбек қаладағы халықаралық компаниялар инвестицияны белсенді құйып жатқанын айтты.

«10 жылда шаһарымызға 22,2 миллиард доллар инвестиция тартылған болса, оның 3,5 миллиарды шетелдік инвестиция. Биылғы жылы инвестиция көлемі 21%-ке, соның ішінде шетелдік инвестициялар 24%-ке артты», − деген ол Алматының бірнеше жетістіктерін атап өтті.

Қала әкімі сондай-ақ Түрксіб, Жетісу, Алатау аудандарында жерлердің бар екендігін айтып, осы аудандарда құрылыс жүргізудің маңыздылығына тоқталды.

«Болжамдар бойынша, шамамен тағы да 70 шаршы километр тұрғын үй, әлеуметтік, өндірістік, кеңсе және сауда алаңдары қосымша қажет етіледі. Тек биылғы жылы қалада 2 млн. шаршы метрге жуық тұрғын үй салынатын болады, оның ішінде «7-20-25» бағдарламасының үлесі қомақты», − деді Бауыржан Байбек.

Айта кетейік, шараға әлемнің 20 мемлекетінен келген шетелдік қонақтар арнайы қатысты.