$ 524.58  551.91  4.93

2019 жылы «Болашақ» стипендиясы қанша адамға берілетіні белгілі болды

Бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Шетелде кадрларды дайындау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өтті деп жазады ҚазАқпарат.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Мемлекеттің барлық бастамалары халқымыздың тұрмыс деңгейін жақсартуға бағытталған. Жұрттың сапалы білім алып, сұранысқа ие мамандығы мен лайықты жұмысы болғанда ғана әл-ауқатымыз артады», деп жақында Жолдауында атап өтті. Осы мақсатта біз «Болашақ» бағдарламасымен де жұмыс істейміз. Өздеріңіз білесіздер, жазғы конкурс кезінде барлығы 413 стипендия тағайындалды. Енді бүгін біз жаңа түскен арыздарды қараймыз», - деді отырысты ашқан Мемлекеттік хатшы.

Комиссия отырысы аясында Шетелде кадрларды даярлау жөніндегі республикалық комиссияның хаттамалық тапсырмаларының орындалуы туралы Білім және ғылым министрлігінің есебі тыңдалды. Сонымен қатар «Болашақ» бағдарламасының іске асырылуына қатысты бірқатар мәселе қарастырылды.

Комиссияның шешімімен басым мамандықтардың 2019 жылғы тізбесі бекітілді. Ол 155 мамандықтан тұрады. «Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында тағлымдамадан өту үшін белгіленген санаттар анықталды. 2019 жылға 555 стипендия бекітілді.

Сонымен қатар бүгінгі отырыстың нәтижесінде стипендия магистратура мен докторантурада оқуға, әлемнің жетекші ғылыми және өндірістік орталықтарында тағлымдамадан өтуге жіберілетін 71 үміткерге тағайындалды.

Отырыс қорытындысында Гүлшара Әбдіқалықова «Болашақ» халықаралық стипендиясын іске асыруды одан ары жалғастыруға қатысты бірқатар тапсырма берді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары