$ 498.34  519.72  4.85

Шымкентте жаңа Арбат ашылды (ФОТО)

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай Шымкентте жаңа Арбат ашылды деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі. Салтанатты рәсімге Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков, қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, Шымкенттен сайланған сенаторлар Дархан Сатыбалды мен Нұрлан Бекназаров, қалалық мәслихаттың депутаттары мен тұрғындар қатысты.

Демалыс орны қала орталығындағы «Қиял әлемі» саябағы жанынан орын тепкен. Бейбітшілік көшесінің Республика даңғылынан Әл-Фараби алаңына дейінгі бөлігі тұтас демалыс орнына айналып, су бұрқақтары орнатылды. Көпшілік сейіл құратын аймақтағы жаяу жүргіншілер жолы 12 сәулеттік мүсінмен ерекшеленеді. 200-ге жуық сәндік ағаш егіліп, бір бөлігі көгалдандырылды.

Салтанатты рәсімде қала әкімі тұрғындарды мерекемен құттықтады.

– Өздеріңізге белгілі, Елбасының биылғы 19 маусымдағы Жарлығымен Шымкент республикалық қала дәрежесін алып, жаңа тарихи кезеңі басталды. Миллион тұрғыны бар мегаполис күн сайын көркейіп келеді. Міне, мерейлі мереке – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнінде де қаламызда жаңа Арбат ел игілігіне беріліп отыр. Бұл көрікті аймақ Шымкент тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналатынына сенімдімін! - деді Ғабидолла Әбдірахымов.

Шымкенттіктерді мерекемен Зауытбек Қауысбекұлы мен Жансейіт Қансейітұлы да құттықтап, миллионды қалада атқарылып жатқан тындырымды істерді атап өтті. Айта кетейік, Арбаттың ортасында граниттен Қазақстанның атлас-картасы жасалды. Жалпы ұзындығы 430 метр аймақта көлік қатынасына шектеу қойылып, екі қапталдан велосипедпен серуендеу үшін арнайы веложолақ салынған. Ал Арбаттың екі жағындағы үйлердің қасбеттері көріктендірілді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары