Грузиялық студент қыз көшеден 37 мың доллар тауып алған деп жазады Sputnik Грузия.
Тбилиси мемлекеттік медициналық университетінің 2-курс студенті Карина Б. алғаш қомақты қаржыны көргенде өз көзіне сенбеген. Сол сәтте жанында құрбысы болыпты.
21 жастағы арудың айтуынша, 28 қарашада оқудан қайтып келе жатып, көшедегі әдемі ағаштың қасында суретке түспекші болған.
«Ағаштың қасына барып, суретке түспекші болдым. Сол уақытта жерде жатқан пакетке көзім түсті. Қарасам, ішінде 37 мың доллар бар екен. Құрбым екеуміз ойлана келіп, полицияға хабарладық», – дейді студент қыз.
Пакеттің ішінде чек те болған. Қыздар сол арқылы ақшаның иесін тауып алады. Сөйтсе, ол адам ақшаны курткасының қалтасынан түсіріп алған екен. Жақында ғана үйін сатыпты. Ал студент қыздар болса, қомақты қаржының иесі табылғанына қуанатындарын жеткізді.