Астаналық белсенді, тіркелмеген «Алаш» халықтық социал-демократиялық партиясының жетекшісі Сырым Әбдірахманов екі айға қамалды. Бұл жайлы оның адвокаты Төлеген Шаиков хабарлады. Шаиковтың айтуынша, жабық сот процесі 1 желтоқсанда Астана қалалық тергеу сотында болған деп жазады Азаттық.
Әбдірахмановтың үстінен астаналық шенеуніктердің бірі полицияға «көрінеу жалған ақпарат тарату» (274-бап) бойынша арыз түсірген. Шаиковтың айтуынша, қазіргі кезде төрт бап бойынша партия жетекшісінің үстінен қылмыстық іс қозғалған.
«Төрт бап бойынша тергеу жүріп жатыр. Бұлар: 274-бап, 1-бөлім («Көрінеу жалған ақпарат тарату»), 380-бап, 3-бөлім, 1-пункт («Билік өкіліне қатысты күш қолдану»), 407-бап, 2-бөлім ("Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргiзуге кедергi жасау"), 378-бап, 1-бөлім, 1-пункт («Билік өкілін қорлау»)», − деді Төлеген Шаиков.
Астана қалалық тергеу соты Сырым Әбдірахмановың екі айға қамалғанын растады. Астана қалалық ішкі істер департаменті жауап бермеді.