Үстіміздегі жылдың 14 қыркүйегі күні кешкі сағат 18.00-де Шымкент әуежайында шекарашылар жан түршігерлік оқиғаның куәгерлері болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сарыағаш шекара отрядының «Шымкент авиа» шекаралық бақылау бөлімінде «Шымкент Дубай» бағытымен ұшатын № FDV-738 әуе рейсіне шекаралық және кедендік бақылау өткізіліп болып, жүк тиеле бастаған кезде, «Боинг-737-700» әуе кемесінің оң қапталына «VIP» жүргіншілерді таситын «Тойота» автокөлігі келді. Шағын автобустан ерекше «майпаздалынып» түсіріліп жатқан қос үлкен қара сөмкелер шекара нарядының назарын өздеріне бірден аударды.
Тексеру нәтижесінде бұл сөмкелердің ешқандайда шекаралық және кедендік тексеруден өткізілімегендігі белгілі болды. Автобус жүргізушісінің сөзіне сенсек, ол өзі жүргізуші орындығына жайғасқан кезде бұл сөмкелердің автобус салонында тұрғанын көрген. Белгісіз біреулер сөмкелерді аталмыш әуе кемесіне жеткізуді тапсырған.
Сөмкелерді ашқан кезде ішінен 24 қаршыға қатталып тығылғандығы белгілі болды. Әрқайсысы шамамен 50 000 доллардан кем тұрмайтын осы қаршығалардың Дубайға дейін бір-екеуі ғана тірі жетер еді. Контрабандалық жүк Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша МКД-нің экономикалық қылмыстар қызметіне тексеруге берілді. Сөмкелерге қатысы бар адамдар іздестірілуде.