$ 498.34  519.72  4.85

«Еңбегім сіңді»: Алматы облысында аудан әкімі бюджет есебінен 35 миллионға үй алмақшы болған

Ауылдан 35 млн теңгеге үй іздеген әкім!  Алматы облысындағы Жамбыл ауданының әкімі Бағдат Әлиев осыншама бюджет қаржысына қызметтік пәтерге тапсырыс беріпті. Алайда, облыс әкімінің ескертуінен кейін аудан басшысы мемлекеттік тапсырыстар сайтынан лотты алдыртып тастады. Аудандық риелторлар мұндай қомақты соммаға Ұзынағаш ауылынан емес, қаладан сәулеті келіскен, бизнес-классты үйді алуға таңдауға болатынын айтады деп хабарлайды КТК.

Жарты жыл бұрын ғана Жамбыл ауданының әкімі боп тағайындалған Бағдат Әлиев әркімнің босағасында жүріп шаршаған сияқты. Өйткені, атқамінердің өзінің баспанасы жоқ. Сондықтан шенеунік қызметтік үй алуға аудан бюджетінен 35 миллион теңге жұмсамақ болған. Себебі Бағдат Әлиев «аудан басшысына жалдамалы пәтерде тұрған жараспайды» дейді.

«Біреудің үйін жалға алып тұрып жатырмын. Отбасымда 7-і адам бар. Барлығымыз анда-мұнда көшіп жүрген ыңғайсыз екен. Еңбегім сіңді. Абыройым артқанда аттандайын деген ойым жоқ. Бірдеңе  бүлдірдім деп те ойламаймын», –  дейді Жамбыл ауданының әкімі Бағдат Әлиев.

Мемлекеттік тапсырыстар сайтында әкім 35 миллион теңгеге бағаланған үйлерге лот жариялаған еді. Сипаттамасында пәтер 2014 жылдан кейін салынған 6 бөлмеден және 180 шаршы метрден кем болмауы тиіс деп көрсетілген.  Монша, екі көлік сиятын тұрақтың болуы міндетті екені де назардан тыс қалмапты. Бұған да әкімнің жауабы дайын.

«Ұзынағаш Алматыға өте жақын орналасқаннан кейін бұл жерде үйдің бағасы өте қымбат. Бос үй де жоқ мен кіретіндей. Үйлердің өзі 15 миллионнан 100 миллионға дейін барады. Біз орташа бағаны алдық. Алғаннан кейін дұрыс үй болсын дедім», –  дейді Жамбыл ауданының әкімі Бағдат Әлиев.

Алайда, риелторлар Жамбыл ауданында үйдің бағалары керісінше, арзандағанын айтып отыр. Ұзынғаштан емес, қаладан 35 миллион теңгеге бизнес-классты үйлерді сатып алуға болады екен.

 «Ұзынғашта 35-40 миллионға көп үй сұрап келмейді. Қалада осындай сомаға үлкен үй алуға болатынын білесіздер. 20-25 миллионға сұрайтындар бар. Ең өтімді үйлер 8-10 миллиондық үйлер. Ал, 35 миллион теңгелік  үйде  барлық жағдай бар», –  дейді риелтор Анар Құрамысова.

Жақында ғана 57 миллионға қызметтік баспана алуға өтініш берген Атырау қаласының әкімі Әлмұхаммед Құттымұратұлының да басы дауға қалған еді. Павлодар әкімі Әнуар Күмпекеев те қазына қаржысын тиімсіз жұмсағаны үшін сөгіс алды. Осы жайттарды ескерген Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Бағдат Байшалұлының қымбат пәтер алуына үзілді-кесілді қарсы болып, өтінішті мақұлдамаған.

«Аталған лот алынып тасталды. Яғни, бюджет есебінен үй алынбайтын болды. Аудан әкіміне ескерту жасалды», – дейді Алматы облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғалмұрат Жүкел.

Жамбыл ауданында 1200-ден астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Оның 300 мемлекеттік қызметкелер. Бұл тізімде аудан әкімі Бағдат Әлиевтің бар-жоғы белгісіз. Бір анығы, аудан басшысы жаңа жылды армандаған жаңа үйде қарсы алмайтын сыңайлы. 


Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары