Соңғы екі жылда Сирия мен Ирактан жалпы 39 отбасы оралған. Оларға елдің алты аймағында құрылған арнайы орталықтарда көмек көрсетілуде. Отанына оралған 91 балаға қазақ тілі үйретіліп жатыр, себебі олар өзге елде туғандықтан араб немесе түрік тілдеріндей сөйлейді деп хабарлайды 31 арна.
Жалпы қазіргі уақытта Шам елінде 500-ге жуық қазақтың қара домалағы жүр. Елге оралған 91 балаға психологиялық көмек көрсетілуде. Себебі балалар ес білгелі жарылыс пен оқ дауысын естіп өскен. Енді бұл балалар бейбіт өмірге, қоғамға бейімделіп жатыр.
«Бізде танк құрастыратын зауыттың суретін салған бала бар. Заңгерлер мен психологтар үшін бұл маңызды сурет. Демек, алты жасар бала ересектер көтере алмайтын ауыртпалықты басынан өткізген», - деді кәмелеттік жасқа толмағандарға психологиялық қолдау көрсету орталығының маманы Ольга Рыль.
Білім және ғылым министрлігінің балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Ержан Ерсаиновтың айтуынша, елге оралған балалар сыныптастарымен жақсы қарым-қатынаста, мектеп формасын бұзбайды.
«Сирия мен Иракта туылған балалардың көпшілігі араб тілінде тәрбиеленген, араб тілінде сөйлейді. Оларға қазақ тілін үйретіп жатырмыз», - деді Ержан Ерсаинов.
Балалар омбудсмені Сәуле Айтбаева да осы мәселені көтерген.
«Тағы 500-ге жуық қазақстандық бала Ирак пен Сирия аумағында жүр. Олардың көбі кішкентай бүлдіршіндер. Оларды елге әкелгенде басқа азаматтардың да құқығын ұмытпау керек», - деді Сәуле Айтбаева.
Әлеуметтік көмек көрсету орталықтарының мамандарының айтуынша, Сириядан оралғандардың көпшілігі ол жақта өткізген уақытты қорқынышпен еске алады.
Мамандар ең алдымен психологиялық және әлеуметтік мәселені шешу керек, ал радикалдық көзқарастан айныту жұмыстары содан кейін жүргізілетінін алға тартып отыр.
Қазір қайта оралған әйелдерге жәрдемақы алуға жағдай жасалып, оларды жұмыспен қамтылып жатыр. Жуырда қақтығыс ошақтарында жүрген 500 баланы қайтару үшін тиісті заңдарға өзгерістер енгізу де жоспарланып отыр екен.