Пәтер жалдау нарығында, әсіресе, Алматы мен Астана сияқты үлкен қалаларда түрлі алаяқтар мен өз ісіне жауапсыз қарайтын риэлторларды кездестіруге болады. Егер бірінші кездескен адамға сенетін болсаңыз, кем дегенде қалтаңыздағы 10-20 мың көлеміндегі қаржыдан қағыласыз, кей жағдайда пәтерден қуылуыңыз ғажап емес. Өйткені жалған қол қойылған жалға алу келісім-шартын ұсынатын алаяқтардың құрбанына айналмау үшін, сақ болу керек деп жазады informburo.kz.
Ең маңыздысы
«Сақ болыңыз», «Назар аударыңыз» және «Тексеріп алуды ұмытпаңыз». Осы сөздер мақалада қауіпсіздік жөніндегі нұсқаулықтағыдай жиі қайталанатын болады. Әлеуетті жалға алушылардан ақша жасаудың бірнеше жолы бар, сондықтан өзіңізге ұсынған пәтерлерге қатысты барлық ақпаратты білуге тырысыңыз. Бұл ретте риэлтор немесе пәтер иесінің сенімділігіне көз жеткізбей тұрып, өзіңіз туралы жеке деректерді оларға ешқашан бермеңіз.
Ақшаны тек келісім-шартқа қол қойғаннан кейін беру керектігін есте сақтаңыз, ал пәтердің кілті бұл кезде сіздің қолыңызда болуы керек. Ешкімге, ешқашан өзіңіздің банктік деректеріңізді жібермеңіз. Өйткені төлем жасау үшін сіздің емес, орындаушының мәліметтері ғана керек.
Пәтерді іздегенде асықпаңыз. Асығыстық сіздің таңдауыңызды азайтады, алаяқтарға алдануыңызға сеп болуы да мүмкін. Ал, қосымша уақытыңыз болса, ұсыныстарды зерттеуге уақытыңыз да болады. Егер пәтерді басқа қаладан іздестіретін болсаңыз, ол жақтағы өзіңіз сенетін адамнан пәтерді барып көруін өтініңіз. Тіпті бір-екі күнге қонақ үйге орналасып, болмаса хостелдерден бөлме ала тұрып, пәтер іздестіруге болады.
Дербес іздеу
Егер сіз пәтерді өзіңіз іздейтін боп шешсеңіз, интернеттегі хабарландырулардың жартысына жуығының жалған екенін есте сақтаңыз. Нарықтағы бағалары ушығып тұрған пәтерлер туралы ақпараттың көбі интернетке әдейі бағаны қалыптастыру үшін орналастырылған. Ал, бағасын қолжетімді қылып, әдемі суреттерін көрсетілген пәтерлер туралы ақпарат – әлеуетті жалға алушыларды тарту үшін жасалған. Кейде тіпті пәтерлердің әдемі суреттерін Google-дің іздеу жүйесіне салып көрсеңіз, суреттің жылжымайтын мүлік туралы ресейлік сайттардан алынғанына көз жеткізесіз. Мұндайда баспана туралы толығырақ сипаттама жазылған немесе пәтер иесінің не риэлторлардың пәтердің қосымша суреттерін жолдайтын хабарламаларына ғана сену керек.
Егер көрсетілген нөмірге қоңырау шалғанда, көпке дейін жауап алмасаңыз немесе төмен бағадағы әдемі пәтер сіздің қоңырауыңыздың алдында ғана жалға беріліп кеткенін білсеңіз, еш қымсынбастан «Шағым қалдыру» бастырмасын баса салыңыз. Ондай хабарландырулар әдетте қызыл түске боялып тұрады. Өтірік хабарландырулары үшін пәтер иелері мен риэлторлар сенімсіз пайдаланушылардың тізіміне енгізіледі. Ал, сайт талаптарын өрескел бұзып, қайта-қайта осындай жағдайға жол бергендер қара тізімге енгізіледі. Бұл жарнама алаңын тазартуға жол ашады.
Егер қолжетімді пәтер туралы ақпарат сайтқа көп уақыт бұрын орналастырылып, тізімде қайта-қайта шыға берсе, жалға берушімен байланысқа шықпай, дұрыстап ойланып алыңыз. Мұндайда қандай да бір ақауы бар жайсыз пәтерге тап болуыңыз ғажап емес.
Барып көруге келіспес бұрын баспана туралы, жалға алу шарттары жайында барлық мәліметті біліп алуға тырысыңыз.Тіпті пәтер иесінің көршісімен қарым-қатынасы қандай екеніне дейін сұраңыз. Төлем мен жалға алу шартын бұзу талаптарына қатысты ақпараттарды да біліп алу керек. Жалға беруші пәтердің құқықтық құжаттарын көрсете ала ма, жоқ па, оны да сұрау қажет. Пәтердің жаңа суреттерін жолдауды да өтініңіз. Егер пәтерді 1 айдан көп уақыт жалға алатын болсаңыз, уақытша тіркеуге тұру туралы алдын ала келісіп алыңыз.
Алаяқтардың ең көп қолданатын тәсілі – пәтердің өтіп кететініне сендіріп, алдын ала кепілақы талап ету. Немесе жалған қол қойған құжат береді, келесі күні сізді нағыз иесі пәтерінен қуып шығуы да ғажап емес. Пәтердің меншік құқығына қатысты ақпараттарды ХҚКО-нан, не болмаса e-gov порталынан тексеруге мүмкіндік бар. Алайда анықтаманы тек пәтер иесі ғана ала алады. Куәліктегі мәліметтердің сәйкестігін мұқият тексеріңіз. Пәтерді риэлтор, көршісі, не туысы көрсете алады, алайда келісім-шартқа тек оның иесі, не нотариалды куәландырылған сенімхаты бар адам қол қою керек. Егер пәтердің бірнеше иесі болса, олардың барлығының жазбаша келісімі қажет.