Қарағандыда егіз жігіттің сыңарын не үшін өлтіргені белгілі болды. Анық болғандай, айыпталушы жанжал кезінде марқұмның дөрекі әркеттерінен анасын қорғамақ болған деп жазады Nur.kz.
"21 жастағы егіздің сыңары өз кінәсін толығымен мойындап отыр. Ол бауырына пышақ сұғып алған. Жәбірленуші жедел жәрдем көлігінде алған жарақатынан қайтыс болған. Осы оқиғаға қатысты "Кісі өлтіру" бабы бойынша іс қозғалды", - дейді Қарағанды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Оқиға Пришахтинск қаласындағы Медицинская көшесіндегі үйлердің бірінде болған. Көршілерінің айтуынша, егіздердің келбеті бір-біріне ұқсағанымен, мінездері басқа екен.
"Марқұм ешқайда жұмыс істемеген, алкогольдік ішімдікке жақын еді. Отбасында жиі жанжал тудыратын. Сол күні кезекті жанжал кезінде ол анасынан ақша талап етіп, оған қол көтермекші болған. Сыңары бауырының бұл әрекетіне шыдап тұра алмаған болу керек", - дейді көршілері.
Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды.
Еске салсақ, мұның алдында қарағандылық егіз жігіт сыңарына пышақ сұғып алғаны хабарланған болатын.