Желтоқсан айында Сбербанктің қосылуымен «7-20-25» бағдарламасына қатысушы банктердің саны сегізге жетті деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биылғы жылы Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасының» бірінші бастамасын іске асыру бойынша нақты шаралар атқарылды. 4-ші шілдеде «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы ресми түрде жұмыс істей бастады. 2018 жылдың қорытындысы бойынша құны 70 млрд теңгеден астам 6 мыңнан астам өтініш келіп түскен болатын. Соның ішінде құны 45 млрд теңгелік 3700-ге таяу ипотекалық несие мақұлданды», - деп атап өтті «Баспана» Ипотекалық ұйымы» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихаты барысында.
Қайрат Алтынбековтың айтуына қарағанда, қолданыста болған үйлерге несие беретін «Баспана-хит» бағдарламасы бойынша да құны 1,7 млрд теңгенің өтінімі мақұлданды.
«Қазіргі таңда «7-20-25» ипотекалық бағдарламасына қатысушы банктердің саны сегізге жетті. Соңғы рет желтоқсан айында бағдарламаға Сбербанк қосылды. Осылайша, «7-20-25» ипотекалық бағдарламасына келесі банктер қатысуда. Олар: Банк Центр Кредит, АТФ банк, Халық банкі, Цесна банк, Еуразия банкі, Банк РБК, Форте банк және Сбербанк. Бағдарламаны қаржыландыру жағынан ешқандай мәселе жоқ», - дейді ол.