22.12.2018, 09:30

Франкфурттан шыққан Air Astana ұшағы Орал әуежайына шұғыл қонуға мәжбүр болды

Франкфурттан Атырауға бағыт алған Air Astana әуе компаниясының ұшағы Орал қаласының әуежайына шұғыл қонуға мәжбүр болды деп хабарлайды Инвестиция және даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі. 

«21 желтоқсан күні сағат 22:40-та Франкфурт-Атырау бағытындағы «Эйр Астана» әуе компаниясының ұшағы қозғалтқыштардың біріндегі ақаулар туралы хабарлады. Сағат 23.22-де А321 NEO әуе кемесі Орал қаласының әуежайына қонды», - деп жазылған комитеттің Facebook әлеуметтік желісіне жарияланған хабарламасында.

Ұшақ бортында 64 жолаушы мен 8 экипаж мүшесі болған. 

Қазіргі уақытта әуе компаниясы Орал қаласының қонақүйлеріне жолаушыларды орналастыру мәселесін шешіп жатыр. Осы оқиға бойынша тергеу жұмыстары басталды.