Қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин Катарда өткен жарыста не үшін тұғырға шықпағанын түсіндірді.
2020 жылы Токиода өтетін Олимпиадаға жолдама ойнатылып жатқан турнирде Қазақстанның ерлер құрамасы командалық жарыста бірінші орын иеленді. Ең ауыр салмаққа тапсырыс берген Ильин тұғырға шығудан бас тартты.
«Иә, жарысқа шықпадым. Өздеріңіз білетіндей омыртқамдағы жарақатым сыр берді. 1 ай ем қабылдауым керек. 2019 жылы Қытайда өтетін Азия чемпионатына қатысамын. Неге дейсіздер ғой. Себебі, Токиода 2020 жылғы Олимпиадаға қатысу үшін спортшы алты халықаралық жарысда өнер көрсетуі керек. 4-еуінде жақсы нәтиже болуы шарт. Сол үшін Азия чемпионатына қатысамын», - дейді зілтемірші Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында .
Илья Ильин өз кезегінде жерлестерін жеңістерімен құттықтады.
Еске сала кетейік, ауыр атлетикадан әлемнің төрт дүркін чемпионы Илья Ильин Катар өтіп жатқан Олимпиада-2020 кубогы лицензиялық турнирінде ең ауыр салмаққа тапсырыс беріп, тұғырға шықпаған болатын.