Астанада жоғалып кеткен баланың ата-анасы табылды. Бұл туралы Астана әкімдігінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаева хабарлады деп жазады ҚазАқпарат.
Айта кетейік, осыған дейін Астана қалалық Полиция депратаменті Керей Жәнібек хандар көшесіндегі тұрғын үйдің ауласынан табылған үш жасар баланың ата-анасын іздестіріп жатқандығын хабарлаған болатын. Кейінірек бала аман-есен табылып, Сауран көшесіндегі №13 полиция бөлімшесіне жеткізілгені хабарланды.
Ал кешірек, Астана әкімдігінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаева Facebook желісіндегі парақшасында баланың ата-анасы да табылғанын хабарлады.
«Баланың ата-анасы табылды, олар жұмыстарында болған. Ал бала туыстарының үйінде болған. Баланың ағасы жұмысқа шығып кеткенде екінші ағасы ұйықтап жатқан, сол сәтте бала өз бетімен сыртқа шығып кеткен. Ұйқыдан оянған ағасы баланы үлкен ағасы алып кетті деп ойлаған. Қазір бала анасының жанында. Ата-аналарға балаларына мұқият болуды тағы да ескертеміз», - деп жазды баспасөз хатшысы.