$ 514.65  544.6  5.17

Мәдениет үйіне айналған Бишімбаевтың коттеджіндегі сауна қалай өзгерді? (ФОТО)

Кезінде экономика министрі қызметін атқарып, сотталған Қуандық Бишімбаевтың коттеджі енді Қосшының жалғыз мәдени ошағына айналды деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы».

Сот тергеуі кезінде түсінік бергендердің бірі 293 мың долларға салынған бұл үй аңшы стилінде жасалуы тиіс дегенді айтқан еді. Ал қазір қабырғада арқардың басы емес, мәдени ошақ екенін білдіретін символ ілініп тұр. Бөлмеде кішігірім сахна бар. Яғни, мұнда салтанатты жиындар да өтуі мүмкін.

Көрермендерге арналған орындықтардың барлығын алып тастағаннан кейін бұл бөлме хореография залына айналады екен. Яғни, келесі жылдан бастап, кәсіби жаттықтырушы балаларға бидің қыр-сырын үйретеді.

Үйдің бірінші қабатында би залымен бірге халықтық аспаптар оркестрі де болады. Жазда ғана суға толған бассейні болған кезекті бөлмеде шұңқыр жабылып, өнерпаздар отыратын орынға айналыпты. Бүгіннің өзінде домбыра-қобызда ойнауды үйренгісі келген 23 бала жазылып үлгеріпті.

Ал үйдің екінші қабатындағы бөлмелердің бірінде келесі жылдан бастап шахмат, дойбы, тоғыз құмалақ секілді үстел ойындарын үйретуге арналған үйірме орын теппек. Одан бөлек, мұнда қосшылық ақсақалдардың бас қосатын орны болмақ. Екінші қабатта сондай-ақ, вокал үйірмесі мен кітапхана бөлмесі әзірленген. 

Есеп бойынша, мұнда 200 бала келіп, сабақтан тыс түрлі бағытта дәріс алмақ. Оларға 20 қызметкер қызмет көрсетеді. Клуб меңгерушісінің айтуынша, бұл клубқа жұмысшыларды қатаң байқау арқылы қабылданады. 11 үйірмеге жауапты болу ниетін білдіргендер қатары көп екен. Айтуынша, қыркүйектен бері ғимаратты қалыпқа келтіру жұмыстары тоқтаусыз жүрген.

«Коммуналдық желілерді қалыпқа келтіру бойынша біраз шаруа атқарылды. Целиноград аудандық бюджетінен қаржы бөлінді. Демеушілер де көмектесті. Жалпы сомасы 10 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Оның жартысын демеушілер көтеріп алды», - дейді Қосшы ауылдық клубының меңгерушісі Күлшат Досмағамбетова. 

Еске салайық, Қуандық Бишімбаев былтыр қаңтарда жемқорлық қылмыс үшін күдікке ілініп, қамауға алынып еді. Биыл наурызда «топ болып алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі көлемде бірнеше рет пара алды»  деген айыппен 10 жылға сотталған болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары