28.12.2018, 06:18

«Баланың басы шығып тұрды»: Ақтауда жаңа туған нәрестенің өліміне туыстары дәрігерді кінәлайды

Көрнекі сурет

Туыстарының айтуынша, 25 жастағы келіншек босанарда дәрігерлер жанында болмапты. Сол үшін нәресте өліп кеткен деп жазады inaktau.kz.

 Айнұр Омарова (авт. – аты-жөні өзгертілді) бірінші немересін сүюді тағатсыздана күтіп, келінінің босануына бірге кірген.

«Келінім 25 жаста. Бірінші толғағы. Ол тіркеуге тұрып, уақытылы дәрігерге көрініп жүрді. Денсаулығы да жақсы еді. 1 айдан кейін босануы керек болған келінімнің толғағы күтпеген жерден кеп, 20 желтоқсан күні оны перзентханаға жеткіздік. Дәрігер жанымызға кеп қарады да 2 сағатсыз босанбайды деп кетіп қалды. Аз уақыттан соң келінім жылап, дәрігер шақыруымды сұрады. Оның үстіндегі жамылғысын көтеріп едім, баланың басы шығып тұр екен. Дереу дәлізге шықтым. Ешкім жоқ. Бөлме-бөлмені аралап жүріп, бір бөлмеден топырлаған дәрігерді таптым. Біреуі келіп, босандырды. Бала жыламады. Ол тұншығып қалды деп ойлаймыз. Егер дәрігерлер жанында болғанда уақытында босандырып алар еді» – дейді енесі. 

Болған жағдайдан кейін, перзентхана қызметкерлері келіншектің туыстарының сұрағына жауап та бермейтін болған. Дәрігердің аты-жөнін айтпай, оның басқа жерге ауысып кеткенін хабарлаған. 

Еске сала кетейік, күні кеше ғана 27 жастағы Жаңаөзен  тұрғынының жүктілігінің 7-айында қайтыс боп кеткенін жазған болатынбыз.