ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті өңірдегі жемқорлық деңгейі туралы зерттеу жүргізді деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Агенттік мамандары жүргізген сараптама жұмыстарына сүйенсек, облыста жемқорлыққа ең көп жол беретін орган - Полиция департаменті. Бұл туралы Ұлттық бюро мен департамент өкілдері ПД-де өткен жиында мәлімдеді.
Жыл басынан бері ішкі істер органдары ішінен жергілікті полиция қызметі, атап айтқанда, учаскелік инспекция, табиғатты қорғау күзеті, жол-патруль полициясы жемқорлыққа көбірек жол берген. Департаменттің мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының басшысы Гүлнар Шағырова айтқандай, қылмыстардың дені пара алу, алаяқтық, қызметін асыра пайдалануға байланысты орын алды. Қылмыстық-процестік кодексiнің шеңберінде облыстық ПД-не аталған заңбұзушылықтарды жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөнiнде ұсыным жасалып отырады.
«Мәселен, Рудный қаласы әкімшілік полиция бөлімінің тіркеу-емтихандық жұмысы бөлімінің бастығы мемлекеттік автоинспектормен алдын ала сөз байласу арқылы көлік құралдарын тіркеу есебіне қою, сондай-ақ нақты емтихан тапсырмай жүргізуші куәліктерін беру үшін бірнеше рет ақшалай сыйақы алды. Ол өзінің қызмет жағдайын асыра пайдаланған. Бұған қоса Департаменттің сенім телефонына келіп түскен хабарламалар тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың жекелеген көріністерін көрсетеді», - дейді басқарма басшысы.
Аталмыш шағымдардың бірін мысалға алсақ, Әулиекөл аудандық тіркеу-емтихан пунктінің қызметкері көлік құралдарын сатып алу-сату мәмілелерін ресімдегені үшін тұрғындардан 3 мың теңге сомасында ақшалай қаражат алып келген.
Аталған факті бойынша полиция департаментіне хат жолданды. Департамент мәліметі көрсеткендей, әкімшілік полицияның тіркеу-емтихан пункттерінің қызметкерлері мемлекеттік органдарда 28 899 мемқызмет көрсеткен. Елбасы тапсырмасы бойынша 2019 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы, ал 2020 жылы кемінде 90 пайызы электронды форматқа көшірілуге тиіс.
Дереккөз: ҚазАқпарат