Мәскеудегі Горький саябағында Жаңа жыл мерекесін тойлау кезінде көпір опырылып құлап кетті. Салдарынан 13 адам жарақат алып дәрігерлердің көмегіне жүгінген.
Мәскеу мэриясының сайтында көпірдің шағын ғана бөлігі құлағаны жазылған. Ол мұз қалашығының бір бөлшегі екен. Қазіргі таңда адамдар сырғанақ алаңына келіп, демалыстарын жалғастыруда. Ал, бұзылған бөлік қоршалып, ол жерде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр дейді билік өкілдері.
Оқиғаны куәгерлер бейнекамераға түсіріп алған. Видеокадрлардан көпір үстінде адамдардың тым көп екенін көруге болады. Ауыр салмақты көтере алмаған нысан опырылып қалған.