АҚШ ресми түрде ЮНЕСКО құрамынан шықты. Вашингтонның шешімі 31 желтоқсан күні күшіне енді. 2019 жылдан бастап АҚШ ұйымға жарна төлемейді және ұйым комитетіне сайлана алмайды деп жазады Азаттық.
2017 жылы 12 қазанда АҚШ ЮНЕСКО құрамынан шығатынын жариялаған. Вашингтон ұйымды «Израильге қарсы бағыт ұстанады» деп айыптайды.
Израиль бұған дейін ЮНЕСКО-ны Иерусалимдегі немесе Палестина территориясындағы мәдени мұраларға қатысты дауда «палестиналықтар жағына шығып кетті» деп бірнеше рет айыптаған.
Израиль 2016 жылы ЮНЕСКО Иерусалимнің шығысындағы Әл-Ақса мешіті орналасқан аумақты мұсылмандардың ғұрыптық орны деп көрсеткен қарар қабылдаған соң ұйымға мүшелігін тоқтатқан. Бұл аумақты еврейлер Храм тауы деп атайды. Бірақ қарарда еврей халқының бұл орынмен байланысы көрсетілмеген.
ЮНЕСКО – БҰҰ-ның білім беру, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы. Ол 1945 жылдан бері жұмыс істейді. 2011 жылы ЮНЕСКО құрамына Палестина автономиясы қабылданған. АҚШ пен Израиль бұған қарсы шыққан.