Ескендір Сүлейменовтің анасы Лейла Сүлейменова сотталушы Малика Мұхитованың сот үкіміне берген апелляциялық шағымымен келіспейтінін мәлімдеді деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Зардап шеккен тараптың мүддесін қорғайтын адвокат Альмира Шайхина Лейла Сүлейменованың мәлімдемесін оқыды.
«Зардап шеккен тараптың өкілі ретінде Мұхитоваға қатысты шыққан үкімді заңды және дәлелді деп санаймын. Аудандық соттың Мұхитоваға қатысты шығарған үкімін сол күйде өзгеріссіз қалдыруды сұраймын. Зардап шеккен тараптардың арасында келіспеушілік болған жағдайда анасы ретінде менің өтінішімді орындауын сұраймын», – деп оқыды мәлімдемені адвокат.
Ескендір Сүлейменовтің анасының мәлімдемесі іс материалдарына қосылды. Келесі сот отырысы 11 қаңтарға белгіленді.
Еске салайық, Олжас Сүлейменовтің немересі Ескендір қаза тапқан жол апаты Астанада 2018 жылдың 22 маусымында Мәңгілік ел мен Керей, Жәнібек хандар даңғылдарының қиылысында болған еді. Кейін полиция тергеу жұмыстары жайлы айтып берген болатын.
Сот алдына 29 жастағы Малика Мұхитова келді. Сотталушы Мұхитованың «Самрұк-Қазына» АҚ-та жұмыс істейтіні болды.
«Олжас Сүлейменовтің немересін қағып кеткен қыздың әкесі Қызылорда облыстық ІІД басшысы болып жұмыс істейді: Мұхитов Қайрат Болатұлы. (...) Жүргізуші Мұхитованың тарапынан мынандай әрекет – ол солға бұрылған кезде жол қозғалысы туралы ереженің 13.5 пунктін бұзғаны анықталды. Мұхитова Алматы көшесінен Мәңгілік ел даңғылына бара жатып, Керей Жәнібек хандарының көшесіне келгенде солға бұрылды. Бұл жерде ол мотоциклшіге жол беруі тиіс болатын», – деп хабарлаған еді осыған дейін Астана қалалық ІІД басшысының орынбасары Санжар Әділов.