Ақтөбе облысының жаңа әкімі Бердібек Сапарбаев жергілікті кәсіпкерлермен және шетелдік инвесторлармен кездесу барысында қарапайым жұмысшылардың жағдайы туралы сөз қозғады.
Өйткені, жұмысшыларына уақытылы еңбекақы төлей алмай отырған кәсіпкерлер реті келсе қол астындағы қызметкерлер санын қысқартуға дайын тұрады екен. Мәселен, осыған дейін 200-ден астам адамды жұмыстан босатқан «Ұлы Қабырға» ЖШС-і бүгін тағы 295 адамды қысқартуға шешім қабылдағанын хабарлады. «Қазан айында қысқартамыз» деп кесіп айтқан басшы облыс әкімінің «жұмысшылар қайда барады», «олардың ертеңгі өмірі не болады» деген сұрағына мүлде жауап бере алмады. Тіпті, жеке кабинетте айтамын деп қайта-қайта тура жауаптан жалтарды. «Қытайда келісім шартты орындамаған адамдарға қандай жаза болатынын білесің бе?»,- деген өңір басшысы жұмысшылардың өмірін ойлауды тапсырды.
Сондай-ақ, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясында қазақстандық үлестің аз екендігін айтты. «Қазақстандық үлесті арттыру керек. Шағын және орта бизнесті дамытуға сол кезде компания септігін тигізеді. 30 пайыз деген өте аз», деді облыс басшысы.
Ал қазіргі мұнай бағасының қанша екенін сұраған сапарбаевқа бас директордың орынбасары Тақталифум Есенғұлов жауап бере алмады. «Мұнай бағасы төмендегендіктен өндірістің жағдайы қиын деген бос сөз. Менеджменті жақсы компания мұнайдың баррелі 30 долларға түссе де пайда таба алады. Ал біздің кәсіпкерлер үшін мұнай құны 60-70 доллардан түспеуі қажет. Бұл болмайды. Жұмысты ұйымдастыру, биылғы жылды емес, келер жылға да үлкен сеніммен кіру жолдарын қарастырамыз»,- деді өңір басшысы. Бұл барлық кәсіпкерге айтылған ортақ тапсырма. Тұралап қалмай, өткен жылғы межеге жетуді міндеттеді. Айта кетейік, жұмысшыны қысқартуға бел буған компания екі ай бұрын әкімдікке хабарлауы тиіс. Себебі, жұмыссыз қалған адамдарды мемлекеттік бағдарламалар арқылы қайта оқыту, көмек беру тетіктері қарастырылады.