Түркістан қаласындағы емханалардың жұмысы толықтай электронды жүйеге көшті. Шаһар тұрғындары жаңа жүйені пайдаланып, дәрігерден кеңес алуда деп жазады ҚазАқпарат.
Түркістан қалалық емханасы бас дәрігерінің орынбасары Айдана Аяғанованың сөзінше, түркістандықтар жаппай «Дамумед» қосымшасын пайдаланатын болған. Осы қосымша арқылы үйден шықпай-ақ медициналық сараптаманың қорытындысына қол жеткізе алады.
Сонымен қатар, медициналық мекемелерге электронды түрде кезекке тұрып, сол арқылы өз дәрігерін үйлеріне шақыртуда.
«Электронды жүйенің арқасында соңғы уақытта емханаға бару 9 адамнан 2 адамға дейін, емханадағы кезек 30 минуттан 20 минутқа дейін қысқарды. Ал, тексеру қорытындыларын алу уақыты екі есеге азайды», – дейді.
Айта кетейік, Түркістан қалалық емханасы 91 мыңнан астам тұрғынға медициналық көмек көрсетеді. Бүгінде мұндағы жұмыс толықтай электронды жүйеге көшкендіктен, жұмыс барысында қағазбастылық азайған. Медициналық мекеменің қағазға кететін шығыны да 60 пайызға кеміген.