$ 494.87  520.65  4.91

ШҚО-да жүкті келіншек қайтыс болды

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында 37 жастағы жүкті әйел көз жұмды деп хабарлайды «Хабар 24» телеарнасы. 

Айы-күні жетіп отырған келіншектің аяқ астынан өмірден озғанына туыстары сене алар емес. 

Олар аудандық аурухана мамандары тиісті көмек көрсете алмады деп отыр. Ал дәрігерлер болса «қолдан келгеннің барлығын жасадық, бірақ өмірін арашалап қалу мүмкін болмады» деп өз уәждерін айтады. 

Айы-күні тақап отырған келіншек Семейдегі ауруханаға барып жату үшін қаңтардың 8-інен бастап жолға дайындалған. Алайда 9-ына қараған түні аяқ асты ауырып, сағат 02:00-де аудандық ауруханаға жеткізіледі. Айналдырған екі сағат шамасында қасына еріп келген жолдасына суыт хабар айтылған. 

«120-мен кеткен адамды 1,5 сағатта жатқызып, 2-ден кете барған адамнан бізге 4-тен кете айырылып қалдыңыздар деді.Сонша уақытта не істеп отырғандарын түсіне алмадым», - дейді марқұмның күйеуі Нұрболат Нимежанов.

Марқұмға алдыңғы 3 жүктілікте де кесар тілігі жасалған екен. «Сондықтан 4-баланы көтеру қауіпті екенін ескерткенбіз», – дейді дәрігерлер. Дегенмен соңғы күнге дейін анализдері жақсы болған. «Ал ауруханаға ауыр халде түскен түні қолда бар көмек көрсетілді», – дейді олар. 

«Барлық реанимациялық шараларды жасадық, басынан аяғына дейін. Жүрекке дефибриллятормен де жасадық. Бірақ біз алып қала алмадық», - дейді  аудандық аурухананың акушер-гинекологы Гүлнәр Баянбаева.

Акушер гинеколог «екіқабат әйел бізге келгенде қан қысымы түсіп кеткен, сол себепті оған жедел операция жасай алмадық» деп отыр. Алайда бұл оқиғаның ақ-қарасын енді облыс тарапынан арнайы құрылған қызметтік комиссия анықтайтын болады. Қазір патологоанотомиялық зерттеу нәтижесі әзірленуде. 

«Патологоанотомиялық зерттеу қолымызға тигеннен кейін оған екі жұма уақыт керек, ақсуатқа шығып, сол орында отырып бірнеше күн тексеру жүргіземіз», - дейді  облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Райфа Сафиоллинова.

Сала басшылары қызметтік тексеріспен қатар аудандық аурухана ұжымында біліктілікті арттыру курстарын да өткізбек. 

Айта кету керек, 2017 жылы облыста – 4, ал өткен жылы 3 ана өлімі тіркеліпті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары