$ 448.15  483.46  4.86

Қазақстанда пәтер алу үшін қағаз жүзінде ажырасатын отбасылар көбейген

Елімізде пәтер алу үшін қағаз жүзінде ажырасатын отбасылар көбейген деп хабарлайды «Еуразия» бірінші арнасы. 

Телеарнаның мәліметінше, соңғы кездері үйді қулықпен алам деушілер саны көбейген. Оны мамандар да растап отыр.

«Тәжірибе көрсеткендей, кейбір ҚР азаматтары мүліктік ниетте некелерін жалған бұзуға барып жатады. Бұл әсіресе, көрсеткішке қарайтын болсақ, шенеуніктердің арасында. Себебі осыған дейін бұрын тұрып жатқан пәтерін сақтап қалады, сонымен қатар құқықтық тұрғыда пәтерсіздер категориясына жатады. Бұл осы азаматтарға жаңадан пәтер алуға мүмкіндік береді», – дейді заңгер Ахметжан Бейсембек.

Осылайша, тек шенеуніктер ғана емес, қарапайым халық та үйлі болудың оңай жолына көшкен. 

«Бұл бағдарлама туралы бірнеше жыл бұрын естігенбіз. Және өзіміздің достарымыздың арасында сөйтіп алған отбасылар болды. Сондықтан былай тарттық ақшамыз жетпейді, былай ипотека қиын болып кеткеннен кейін жолдасым екеуміз мұндай қадамға бардық. Екеуміз ажырастық. Бір жағынан да қиын болды. Ата енеміз не ойлайды, туған-тумаластар не ойлайды деп жүріп, бірақ жолдасымыз екеуміз мұндай қадамға баруды шештік», – дейді қала тұрғындарының бірі.

Телеарнаның мәліметінше, баспана үшін ажырасып, қайта некелескендердің нақты саны белгісіз. Десе де, мамандар мұндай жайттың бар екенін жасырмайды.

«Елімізде соңғы бес жылда 700 мыңнан астам неке қиылып, 200 мыңнан астам неке бұзылды. Оның ішінде 2018 жылы 138 мыңнан астам неке тіркеліп, 54 мыңнан астам неке бұзылған. Ажырасулардың ең көп тіркелген аймағы ол Алматы қаласы мен Алматы облыстарында», – дейді ҚР Әділет министрлігі тіркеу және заң қызметі ұйымдастыру департаментінің бас сарапшысы.

Мамандардың сөзіне сүйенсек, бүгінде 3 миллионға жуық қазақстандық баспанаға жарымай жүр. Бұл тек ресми статистика.

«2018 жылғы дерекке келсек, 2018 жыл бойынша 3 мыңға жуық адам кезекке тұрды. Оның ішінде 1500-ға жуық адам әлеуметтік аз қамтылған отбасылар. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың ішінде ең көп үлес алатын толық емес отбасы санаты бойынша 600 адам. 1-2 топтағы мүгедектер бойынша 250-ге жуық адам біздің кезекке тұрды», – дейді қала бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы бөлімінің басшысы Жандос Дәулетов.

Cондай-ақ, мамандар таяуда толық емес жанұялар баспана кезегіне тұра алмауы мүмкін екенін айтып қалды. 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары