21.01.2019, 05:14

АҚШ конгрессіндегі демократтар Трамптың жаңа ұсыныстарын қабылдамады

АҚШ конгрессіндегі демократтар президент Дональд Трамптың федералдық үкімет жұмысын жандандыру мәселесі туралы ұсыныстарын қабылдамай тастады. Демократтар ұсынысты сенатта және өкілдер палатасында қабылдатпай тастайтындарын мәлімдеді деп жазады Азаттық.

Трамп конгресске АҚШ-қа бала кезінде келген заңсыз мигранттарды үш жыл құқықтық қорғауға алуды және ел аумағында жүріп-тұру мерзімі аяқталған мигранттарды депортацияламауды ұсынған. Ол мұның есесіне заңсыз миграцияны тоқтату үшін конгресстен Мексикамен шекарада дуал салуға бес миллиард доллардан астам қаржы бөлуді сұрап отыр. Трамп сонымен қатар бүкіл шекара бойына емес, 370 километр бөлігіне ғана қабырға тұрғызуды ұсынады.

Бірақ сенаттағы демократтар жетекшісі Чак Шумер АҚШ-қа бла кезінде заңсыз келген мигранттар мен басқа да мигранттардың мәселесі үш жылға кейінге шегерілмей, түпкілікті шешілуі тиіс деп санайды. Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси президент Трамптың ұсынысын «қисынсыз»  деп атады. Демократтар миграциялық реформаны федералдық үкімет жұмысы жандандырылған соң ғана талқылауға дайын екенін білдірді. Олар Трамптың басты талабы - шекарада қабырға тұрғызуға қаржы бөлуге үзілді-кесілді қарсы.

Үкімет жұмысының ішінара тоқтап тұрғанына («шатдаун») 30 күн болды. Демократтардың шекарада қабырға тұрғызуға қаржы бөлмеуінен конгресс бюджетті бекіте алмай отыр. Мұның салдарынан бірқатар федералдық мекемеге бюджеттен қаржы бөлінбей, 800 мыңға тарта федералдық қызметкер жалақысыз қалды. Мемлекеттік қызметкерлердің біразы ақысыз еңбек демалысына жіберілді, біразы жалақысыз жұмыс істеп жатыр. Оларға «шатдаун»  аяқталған соң жалақы төленеді. Жалақы ала алмай отырған ведомстволар қатарында ішкі қауіпсіздік министрлігі, трамнспорт және әділет министрліктері, мемлекеттік департамент пен федералдық тергеу бюросының мекемелері бар.