23.01.2019, 03:10

Атырау облысында браконьерлер 10 киікті атып, мүйізін алып кеткен

Атырау облысында атып кеткен 10 киіктің денесі табылды деп жазады ҚазАқпарат.

«Тұяқты жабайы аңдарды және киіктерді қорғау аясында жүргізілген шара барысында 10 киіктің денесі табылды. Оларды Атырау облысы Махамбет ауданында «Охотзоопром» ӨБ» республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсіпорны Батыс Қазақстан облысындағы филиалының жедел әрекет ету тобы инспекторлары тапқан. Бөкендердің бәрін біреулер атып алып, кейін мүйізін кесіп әкеткен», - деп хабарлайды «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК. 

Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, оқиға орнына Махамбет ауданы АІІБ жедел тергеу тобы жіберілген. Факт Махамбет ауданы АІІБ-е тіркелген. 

Айта кетейік, қаңтар айының 14-і күні Қарағанды облысында браконьерлер «Охотзоопром» инспекторын өлтіріп кеткен болатын. 

Ол жолы да «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК  инспекторлары Қарағанды облысының Нұра ауданының аумағына рейд жүргізу барысында атып алынған 5 киікті тапқан. Киікті атқан адамдардың ізіне түскен инспекторлар мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ екі көлікті қуып, оның бірін тоқтатқан. Автомобильді тексеру барысында олар қарсылық көрсеткен. Соның салдарынан бір инспектордың жағы сынып, пышақ жарақатын алса, екінші инспектордың миы шайқалып, ес-түсінен айрылды. Кейін ол Астана қалалық №1 ауруханасында жан тапсырды.  

21 қаңтар күні Қылмыстық полиция департаменті қызметкерлерінің Қызылорда облысындағы арнайы операциясының нәтижесінде жеке үйлердің бірінен «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторы Нұрғалиев Ерлан Балғабекұлының өлтірілуіне қатысты үш күдікті ұсталды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілердің үшеуі де уақытша оқшаулағышқа қамалған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.