$ 498.34  519.72  4.85

БҚО: «Нұрлы жол» бағдарламасына жеті жоба жүзеге асырылуда

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауында Ұлттық қордан бөлінетін қаржылар «экономиканы әрі қарай қайта құрылымдауға бағытталатын болады. 

Нақты айтқанда, көліктік, энергетикалық, индустриялық және әлеуметтік инфрақұрылымдарды, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталады», деп атап көрсетілген болатын. Осыған орай өңірде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бауыржан Балдықбаев былайша әңгімелеп берді.

Оның айтуынша, Елбасы Жолдауына сәйкес «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында биыл  арнайы бюджеттік бағдарламаға сәйкес ҚР Қаржы министрлігі, ҚР Ұлттық экономика министрлігі және БҚО әкімдігі арасында үш жақты несиелік шартқа қол қойылып, Ұлттық қордан 2 619,9 млн. теңге бөлініп, жеті жобаны жүзеге асыру жоспарланған болатын.  Несиелік шартқа сәйкес несие облыс әкімдігіне жылумен, сумен қамту және су бұру жүйелерін қайта құру мен салуға жиырма жылға алты жылдық демалыс мерзімімен 0,01 пайыз жылдық сыйақы мөлшерімен беріледі. Одан әрі облыс әкімдігі біздің басқарма арқылы табиғи монополия нысандарына 0,02 пайыздық мөлшерлемемен жеткізеді. Орал, сондай-ақ Ақсай қалаларында жеті жоба бойынша жөндеу жұмыстары шілде айында басталып, алды аяқталып қалса, қалғандарында жалғасуда. Жылыту маусымы басталғанға дейін барлығы 13 841 метр желі ретке келетін болса, соның ішінде 10 439 метрі - су бұру, 3 702 метрі - жылумен қамту желілері. Соның нәтижесінде тозығы жеткен су бұру желілері 66 пайыздан 63,1 пайызға, жылу желілері 53 пайыздан 51,4 пайызға дейін төмендейді.

-Бауыржан Жанпейісұлы, Жолдауда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту қажеттігі де көрсетілгені белгілі, бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?

-Батыс Қазақстанда 1793 көппәтерлі үй болса, соның 1525-і немесе 85 пайызы күрделі жөндеуді қажет етеді. 2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы қабылданғанға дейін 1708 үй немесе 95 пайызы жөндеуді керек етіп тұрған-ды, яғни қажеттілік 10 пайызға қысқарды. Осы бағдарлама арқылы пәтер иелері республикалық бюджет есебінен бөлінген қаражатқа үйдің ортақ мүлкін жөндеуге мүмкіндік алды. Бағдарлама басталғаннан бері ел қазынасынан 1 млрд. 494 млн. теңге бөлініп, 179 көппәтерлі тұрғын үй жөнделсе, соның 116-сы ауылдардың үлесіне тиеді. Үйлердің шатыры, есік-терезелері ауыстырылып, қасбеті, кіреберістері мен жертөледегі коммуналдық жүйелер жөнделіп, бір жаңарып қалды. Биыл аталған бағдарлама аясында 22 үйді жөндеуге республикалық бюджеттен 251 млн. теңге бөлінді. Күні бүгін Ақжайық ауданында 2, Қазталовта 3 және Орал қаласында 6 үйдің жөндеу жұмыстары аяқталды. Қалған үйлерде жоспар бойынша қазан айына дейін іс бітуі тиіс. 7 қыркүйекке дейін 126,9 млн. теңге немесе қаражаттың 51 пайызы игеріліп отыр. Бұл жерде айта кететін жайт, пәтер иелерінің қаражатты қайтару деңгейі төмен. Күні бүгін 95,22 млн. теңге немесе қаржының 49 пайызы қайтарылды. Қайтарылған қаражат есебінен 17,5 млн. теңгеге 3 көппәтерлі үй жөнделді. Бағдарламада пәтер иелеріне жөндеуге кеткен шығындарды жабу үшін тұрғын үй көмегін алу қарастырылған. Сонымен қатар шығынды өтеуден бас тартқан азаматтарға сот арқылы бережақты күштеп өтеу қолданылады.

-Алдағы қысқа дайындық мәселесі жөнінде не айтар едіңіз?

-Облыста алдағы жылыту маусымына дайындық жоспарға сәйкес жүргізілуде. Биыл әзірлік жұмыстары мен сұйық және қатты отын сатып алуға 4,7 млрд. теңге бағытталды. Бюджеттік мекемелерді жылытуға 6,7 мың тонна көмір мен 2,2 мың тонна сұйық отын қажет болса, қазіргі кезде 3,69 мың тонна қатты отын (55 пайызы) және 1,53 мың тонна сұйық отын (70 пайызы) жеткізілді. 2 қыркүйектегі мәлімет бойынша 644 білім нысанының 635-і (99 пайызы), 426 денсаулық сақтау нысанының 421-і (99 пайызы), 370 әлеуметтік нысанның 290-ы (78 пайызы), оған қоса орталықтандырылған жылу көздерінен жылытылатын 1263 тұрғын үйдің 1010-ы (80 пайызы) қысқа дайын деп айтуға болады. Республикалық бюджет, сондай-ақ коммуналдық кәсіпорындардың өз қаржысы есебінен жоспарланған 12,4 км жылу желісінің 10,1 километрі (81 пайыз), 18,7 км су құбырлары мен кәріз желілерінің 14,5 километрі (77 пайыз), 2608,83 км электр желілерінің 1974,4 километрі (76 пайызы) жөнделіп, қайта құрылды және салынды.

-Соңғы сауал, қазіргі кезде жанар-жағар май бағасының босатылуына байланысты өңірде қандай жағдай қалыптасып отыр?

-Басқарма облыстың жанар-жағар май бекеттеріндегі бөлшек сауда бағасына ұдайы мониторинг жүргізіп отырады. ҚР Энергетика министрінің биылғы 4 қыркүйектегі №557 бұйрығына сәйкес бағалары мемлекеттік реттеуге жататын мұнай өнімдерін бөлшек сауда арқылы өткізуге қосымша құн салығымен қоса алғанда, мынадай шекті бағалар белгіленген: дизель отыны - бір литрі үшін 99 теңге; АИ-80 бензині - бір литрі үшін 89 теңге. Биылғы 4 қыркүйектен бастап АИ-92 және АИ-93 бензиндерінің бағасы мемлекеттік реттеуге кірмейді. 7 қыркүйектегі мәлімет бойынша Орал қаласында АИ-80 бензинінің құны әр литріне 89 теңге, дизель отыны 93 теңге, АИ-92 және АИ-93 бензиндерінің орта бағасы 123 теңге болып отыр. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары