25.01.2019, 10:22

Астанада несие алған қызды тонап кеткен күдікті ұсталды

Астанада банктен несие алған әйелдің қолындағы ақшасын ұрлаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Тергеу болжамы бойынша, күдікті елордалық банк филиалдарының бірінде несие алып жатқан тұлғаларды қарап шыққан. Солардың бірін таңдап, соңына түскен. Несие алған әйелдің ізінен қалмай, үйінің ауласында ақша салынған сөмкесін қолынан жұлып алып қашқан» делінген хабарламада. 

Тергеп-тексеру барысында куәгер қаскүнемді анықтауға және тануға көмектесті. Нәтижесінде 29 жастағы ер адам ұсталып,  Астана қалалық ПД уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Ол жасаған ісін мойындады. 

Тонау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Оның осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. 

Аталған азаматтың әрекетінен зардап шеккендер Астана қаласының ПД жүгінуге немесе 71-61-51, 8-702-740-90-00, 102 телефондарына хабарласуына болады.